Мұнайлыда орналасқан цехта күніне 50-100 м3 пенопласт өндіріледі. Жеке кәсіпкер аталған өнімнен декоративті панельдер шығарады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жеке кәсіпкер Азамат Тасмағамбетов 2020 жылы «Нұр капитал» бағдарламасы аясында 22 млн теңге қаржы алған. Бүгінде кәсібі кеңейіп, өнімдері құрылыс жұмыстарына қарқынды өтіп жатыр.
«Мемлекет тарапынан 1 пайызбен несие алдық. Ол қаржыға Ресейден құрал-жабдықтарды алып, зауытқа орналастырдық. Кәсіпорынның ашылғанына бір жылдай уақыт болды. Қазір 16 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Шығарған өнімдерді әрі қарай өңдеп, үйлердің сыртын қаптайтын фасад материалдарын шығарамыз», - дейді «Әділ Фасад» кәсіпорнының басшысы Азамат Тасмағамбетов.
Кәсіпкердің айтуынша, бұған дейін тек пенопласт шығаратын қондырғы үшін несие алған болатын. Кәсіп өз жемісін бере бастаған соң әрі қарай дамытуды көздеген. Осылайша ол қалқыдан өнім өндіруді қолға алған.
Айта кетейік қазір қалқыдан шыққан декоративті панельдер өңірдегі үйлердің сыртын қаптауға пайдаланылып жүр. Алдағы уақытта жеке кәсіпкер басқа қаладан да зауыт ашуды жоспарлап отыр.
Мұнайлы ауданы «Нұр капитал» бағдарламасы аясында кәсіп ашып, көш бастап тұр. Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас маманы Бағдат Қуандықтың айтуынша, 63 жоба осы Мұнайлы ауданынан қолдау алған. Жалпы жоба құны – 1 млрд 300 млн теңге, 550 жаңа жұмыс орны құрылған.
«Қазіргі таңда 160 кәсіпкер «Нұр капитал» бағдарламасы аясында қолдауға ие болды. 1 182 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жобаға өту үшін арнайы шарттар белгіленген. Яғни облыстық әкімшілік жанынан өңірлік үйлестіру кеңесі құрылған. Осы кеңесте мақұлданған жобалар ғана бағдарлама арқылы қаржы алады. Жалпы аталған бағдарлама 2018 жылдан бері өз нәтижесін берді. Алғашқы кезеңде жоба алған кәсіпкерлер қаржыны толық игеріп, айналымға 3,3 млрд теңге түсті. Осы қаржы есебінен бағдарлама жалғасып жатыр», - дейді Бағдат Қуандық.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН