Мұнайлы ауданына қарасты Маңғыстау ауылындағы 1960-1970 жылдары қаланған 43, 42 және 39 үй күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл туралы Мұнайлы ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Бисенғали Кенжалиев мәлім етті.
Оның айтуынша, іргетасы қаланған уақыттан бері жөндеуден өтпеген тұрғын үйдің инженерлік инфрақұрылымдары, жылу және кәріз жүйелері ауыстырылады. Құрылыс жұмыстарына үйдің төбесі мен жертөлесін, қас бетін жөндеу де кіреді. Сондай-ақ мердігер мекеме тұрғын үйдегі ескі терезелерді пластиктен жасалған жаңа түріне ауыстырып жатыр.
Қазір 43-көпқабатты үйге жеке қазандық орнатылған. Бұдан бөлек жауапты мекеме балалар ойын алаңын салуды көздейді.
Аталған нысандарда кондоминиум құрылған. Яғни әр көпқабатты үйде пәтер иелерінің кооперативі бар. Республикалық бюджеттен көпқабатты үйлерді жөндеу үшін бөлінген қаражат мемлекетке қайтарымды. Тұрғындар 7 жылға есептелген кесте бойынша қаражатты қайтаруы тиіс.
- Тұрғындарға негізгі қарыздарды өтеу үшін тұрғын үй жәрдемақысы қарастырылған. Мысалы, тұрғын үй көмегінің жеңілдетілген есебі: бір отбасының кірісі 200 мың теңгені құрайды делік. Мұнайлы ауданы бойынша шығындардың шекті рұқсат етілген деңгейі 7%. Ал коммуналдық және күрделі жөндеу шығындары 30 мың теңге. Бұл жағдайда отбасының төлейтін сомасы 14 мың теңге, яғни отбасылық табыстың 7% болмақ. Ал мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй көмегі 16 мың теңгені құрайды. Дәл осы соманы отбасы өтемақы ретінде ала алады, - деді Бисенғали Кенжалиев.