Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі Кенжебек Сержанұлы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы атасы Салтанат Әлжановтың ұрпақтарын тапты. Бұл туралы кеше облыс әкімінің төрағалығымен өткен комиссия отырысында айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Деректерге сүйенсек, Салтанат Әлжанов 1891 жылы Форт-Александровск қаласында дүниеге келген. Жергілікті жерде білім алып, сауат ашқан. Кейін 1920-1938 жылдар аралығында Форт-Шевченко қаласында ахун, имам болып қызмет еткен.
Кенжебек Сержанұлының айтуынша, Салтанат Әлжановтың дін жолындағы қызметі атеистік көзқарас белең алған уақытпен тұспа-тұс келген. Соның салдарынан ол қыспаққа алынып, есімі қара тізімге енген. Жазықсыз халық жауы, дін өкілі, жапон тыңшысы деген жаламен 1938 жылы атылып кетті.
«Менің арғы атам Салтанат Әлжановтан үш ұл дүниеге келді. Үлкені – Қапсұлтан, ортаншысы – Қансұлтан, кішісі – Әнуар. Мен Әнуардан тараған Сержанның кіші ұлымын. Атамыз жаладан жазықсыз қайтыс болды. Содан Салтанаттың немере інісі Зұлқарнай Баймұрзаев үлкен ұлы Қапсұлтанды Мәскеуге алып кетеді. Мақсаты – оқыту, жұмысқа орналастырып, жағдайын жасау еді. Естуімше, Қапсұлтан Мәскеуде білім алып, жұмыс істеп, кейін үйленеді. Одан Володя, Валера есімді екі ұл дүниеге келеді. Қазір Михаил деген немересі бар», - дейді саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның мүшесі Кенжебек Сержанұлы.
Сонымен қатар ол аталған мәліметтерді негізге алып, Мәскеуге баратынын мәлімдеді. Мәскеуде Михаилмен кездесіп, атасына қатысты қолда бар құжаттарды сұрайтынын әрі байланыс орнататынын айтты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА