Мұнайлы ауданында орналасқан «Талас» спорт клубында 400-ге жуық бала спортпен айналысып жүр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спорт клубы қыркүйекте мемлекеттің қолдауымен, яғни жан басына қаржыландыру нормативі аясында ашылды. Қазір Басқұдық пен Қызылтөбе-2 ауылдық округте өз жұмысын жалғастырып жатыр.
«Талас» спорт клубының директоры Түгелбек Ақмұраттың айтуынша, мұнда 5 спорт түрінен үйірме бар. Балалар еркін күрес, каратэ-до, бокс, үстел теннисі және дзюдо спорт үйірмелеріне тегін қатыса алады.
«Біздің мақсат – аудан, ауылдағы балалардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау. Сол арқылы спортта жетістікке жетуіне, өңірдегі спортты дамытуға атсалысу. Алдағы уақытта балаларды республикалық, халықаралық аренада өнер көрсетіп, чемпион қатарына қосу жоспарымызда бар», - дейді Түгелбек Ақмұрат.
Басқұдықта орналасқан спорт клубтың аумағы – 200 шаршы метр. Екі спорт залы бар. Сонымен қатар 14 жаттықтырушы жұмыс істейді.
«Каратэ-до спортына балалардың қызығушылығы жоғары. Спорт клубында 2 айдан бері жұмыс істеп жүрмін, қазіргі таңда 200-ден астам шәкіртім бар. Алдағы уақытта балаларды түрлі деңгейдегі жарысқа алып барамыз», - дейді каратэ-до бапкері Әсел Шотқара.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН