Ақтауда «Әлеуметтік жобаларға өтінімдерді дайындау» тақырыбы бойынша шеберлік сынып ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шеберлік сыныпқа қатысушының бірі - «Таушық жастары» бастамашы тобының жетекшісі Шапағат Сейсенұлы. Ол мүдделес достарымен бірге туған ауылының әлеуетін, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға атсалысып жүрген азамат.
«Бұл жобада жеңімпаз атансам, Таушық ауылында қордаланған әлеуметтік мәселенің шешімін табуға тырысамыз. Жалпы әлеуметтік ұсынысымыз осы бағытқа бағдарланбақ»,-деп атап өтті ол.
Бір жыл бұрын Шапағат Сейсенұлы «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің кезекті жобасын жеңіп алып, ауыл аумағында стрит уорк-аут алаңқайын орнатқан еді. Сол арқылы тұмса табиғатымен адам жанын баурайтын Қапы сайына демалушыларға арналған орындық пен қоқыс жәшіктерін орнатуға мұрындық болған.
Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Жібек Ахметованың айтуынша, аталған жоба қоғамдық мониторинг арқылы әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасын арттыруды көздейді.
«Жоба аясында 20 ұсыныс үздік деп танылып, 600 мың теңгелік грантқа ие болады. Әлеуметтік жобаға қойылатын негізгі талаптар: мемлекеттік органдар қызметіне бақылау жасау, жергілікті әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға бағыттау. Енді үш облыстан түскен жобалар байқауда бақ сынасады, мазмұны мен сапасы, орындалысы бойынша сараланып, іріктеледі», - дейді Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ж.Ахметова.
Айта кетейік, «Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі» Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауына ие «Батыс Қазақстан - қоғамдық қатысу мектебі» жобасы тек Маңғыстауда ғана емес Атырау және Ақтөбе облыстарында да өтіп жатыр.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ