Маңғыстау облысының қала құрылысын бақылау бойынша өткізілген іс–шаралардың қорытындысы бойынша биыл 18 785 480 теңгеге айыппұл салынды. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының басшысы Темірбек Асауов хабарлады.
Айтуынша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес, 19 әкімшілік хаттама жасақталып, сот органдарына жолданған.
“Маңғыстау облысының қала құрылысын және жерді бақылау басқармасымен 81 тексеру жұмыстары жүргізілді. Прокуратура және уәкілетті органдардың тиісті ұсынулары мен актілеріне сәйкес, тексеру жұмыстары жүргізілмей, анықталған нақты фактілер негізінде 54 әкімшілік іс жасақталды. Сонымен қатар, тексеру нәтижелері бойынша 142 әкімшілік іс қозғалып, жауапкершілікке тартылды”, - деді Темірбек Асауов.
Сондай-ақ, жерге мемлекеттiк меншiк құқығын бұзу бойынша – 61 іс қаралып, 32 043 245 теңге айыппұл салынған.
2021 жылдың 11 ай көрсеткіші бойынша Басқармамен Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік, Әкімшілік құқық бұзушылық және Жер кодексінің талаптарына сәйкес, жер заңдарының сақталуы бойынша 56 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген.
Ақтау қаласы прокуратурасының заң бұзушылықты жою туралы ұсынысы негізінде заңды және жеке тұлғаларға қатысты Маңғыстау облысы аумағында кәсіпкерлік мақсатта берілген жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сай игерілмеген жер телімдерінің көлемі-69,6318 гектар жер учаскесі анықталып, 43 жер иеленушіге заң бұзушылықты жою жөнінде нұсқама табысталды.