Бүгін, 18 қаңтарда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында тамақ өнімдерінің бағасын өсірмеу және Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін биылғы жылы атқарылатын шараларға тоқталды.
Біріншіден, азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне орай әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін қалалар мен аудандар әкімдерінің инфляциялық процестерге жауапкершілігін күшейту;
Сонымен қатар, қалалар мен аудандар әкімдері қоғамдық пікір көшбасшыларын, қоғамдық бірлестіктерді, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, халықтық бақылау штабтарын құру;
Екіншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша бөлшек және көтерме сауда ұйымдарымен меморандумға отыру;
Үшіншіден, азық-түлік бағасының өсуіне жедел әрекет ету үшін Сall-орталықтарын құру;
Төртіншіден, жаңа бастамалардың, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы инвестициялық жобалардың жоспары жасалып, оны орындау;
Бесіншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу бойынша сауда нүктелерін ұлғайту.
Бұдан басқа, облысты дамытудың кешенді жоспары әзірленіп, онда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар енгізілді.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аталған жүйені іске асыру үшін қала, аудан, ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
- Аудан, ауыл әкімдерінің жауапкершілігін арттыру керек. Егер бұрын азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне байланысты мониторингпен кәсіпкерлік басқармасы ғана айналысатын болса, енді бұл іспен барлық әкімдер тікелей айналысатын болады. Яғни, тауардың облысқа келгеннен бастап, тұтынушыға жеткенге дейінгі тізбектің барлығында бақылау жүргізу керек. Шекбі баға ұғымын тиімді пайдалану керек,- деді Нұрлан Ноғаев.
Сондай-ақ, жиында энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қартбаев Бердібек Каспий су тұщыту зауытын жаңғырту жобасын іске асыру барысы бойынша ақпарат берді.
Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Ақтау қаласында «Каспий» су тұщыту зауытының қуаттын екі есеге арттырып, тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі басталған болатын.
Басқарма басшысының айтуынша, құрылыс жұмыстары кешіктіріліп жүргізілуде. Өңір басшысы халық үшін аса қажетті жобаны іске асырудың баяу жүріп жатқанын сынға алды. Нұрлан Ноғаев барлық деңгейдегі әкімдердің елді мекендерді сумен қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды іске асыруға жеке жауапкершілігін белгілеуді тапсырды. Аппараттық жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.