Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
2021 жылғы 15-30 желтоқсан және 2022 жылғы 5-12 қаңтар аралығында сертификатсыз, сондай-ақ рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық бұйымдарды өздігінен сату фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында “Пиротехника” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Маңғыстаулық полицейлер мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарымен бірлесіп азаматтық пиротехникалық бұйымдарды заңсыз әкелудің, сатудың және пайдаланудың жолын кесу, сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді көтерме жолымен жеткізумен айналысатын адамдарды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізді. Жаңа жылға арналған “жарылғыш” атрибуттар сатылатын базарлар, дүкендер, көтерме қоймалар тексерілді.
Нәтижесінде, облыс көлемінде 15 күн бойы өткізілген іс-шара кезінде барлығы 44 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 500-ден астам пиротехникалық бұйым тәркіленді.
Барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы 1-бөлігіне сай хаттамалар толтырылды. Іс-шараның екінші кезеңі 5-12 қаңтар аралығында өтетін болады.