Ақтауда «Мың бояулы – Маңғыстау» атты республикалық суретшілер симпозиумы өтіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әр өңірден жиылған 20 суретші «Мың бояулы – Маңғыстау» тақырыбында өз туындыларын дайындап жатыр. Симпозиумда суретшілер 2 картина салып, 5 желтоқсан күні бүкіл шығарма Әбіш Кекілбаев атындағы музейге көрмеге қойылмақ. Ал Нұр-Сұлтаннан келген суретші Динара Нугер ақмаржан қала Ақтаудың әсемдігіне тамсанғанын айтады. Ол симпозиумдағы екі туындысын да туризм бағытына арнаған. Мәселен, бірінші картинасында Бекет атаға зияраттап шыққан екі жастың ойға шомып келе жатқанын бейнелеген. Динара бұл суретті майлы бояу техникасымен салуды жөн көріпті. Ал екінші суретін Бозжыра тақырыбына арнап жатыр. Сондай-ақ мұндай жобалардың көптеп ұйымдастырылғанын құптайды. Өйткені, іссапарларда алған шабыт үлкен шығармалардың бастауы болады дейді ол.
Ақтау бізді өте жылы қарсы алды. Бәрі керемет. Келгеннен дөңгелек үстел басында әріптестермен және жергілікті әкімдікпен біраз әңгіме айтылды. Бұған дейін қыркүйек айында Атырау қаласындағы симпозиумға қатысқанмын. Ал суретшілердің қазіргі жағдайына келетін болсақ, біраз мәселе бар. Біз мәселелерімізді айтып жүрміз. 30 жыл бұрын суретшілер заңнан тысқары қалды. Сондықтан, осы жылдар ішінде суретші қоғамының ғана емес, мұражайға қатысты да мәселелер пайда болды. Өнер мұражайларына қауіп төніп тұр. Бұл бірінші ретте жалпы Қазақстан үшін, одан кейін суретшілер үшін қиын жағдай. Суретшілерді құтқару керек. Өйткені, жоғары оқу орнын аяқтаған суретшілер толықтай жұмыс істеуді тоқтатып жатыр. Кәсіби мамандар басқа салаға кетіп жатыр. Дегенмен, осындай жағдайда симпозиум ұйымдастырып жатқан Маңғыстау облысының әкімдігі мен мәдениет басқармасына рақмет айтқым келеді, - дейді нұр-сұлтандық суретші Динара Нугер.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттер автордан