Каспий теңізінде жоғалып жатқан 6 түрлі бекіре тұқымдас балықты өсірумен айналысатын «Kazakh osseter» зауыты енді табиғи уылдырықты консервілейді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Екі ай қыстақта тұрған 235 балықтан 40 келіден астам уылдырық алынған. Зауыт басшысы Тұрсынгүл Жақыпованың айтуынша, бекіре тұқымдас балықтардан уылдырық алуға «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының» мамандары көмек көрсетіп жатыр.
Балық ерекше күтімді талап етеді, ал оны өсіріп-бағуға шыдамдылық керек. Балықтан уылдырық алу үшін екі ай бұрын +2 немесе +1 температурадағы қыстақ дайындадық. Білікті мамандарды шақыртып, балықтарды ультрадыбыстық зерттеуден өткіздік. Толғақ шақыратын екпені Мәскеуден арнайы алдырамыз, өйткені біздің елде жоқ. Бекірден алынған уылдырықты сүзгіден өткізіп, тазартамыз. Одан кейін 72 градуста қайнатылған ыдыстарға уылдырықты салып, оны арнайы технологиямен консервілейміз. Уылдырық берген балық қайт өз бассейніне орналастырылады. Дегенмен, содан кейін 2 жылдан кейін ғана уылдырық бере алады, - дейді «Kazakh osseter» зауытының басшысы Тұрсынгүл Жақыпова.
Консервіленген өнім ел ішінде және зауыт дүкендерінде еркін сатылымға шығарылған. Бір келі консервіленген уылдырықтың бағасы 250 000- 260 000 теңге шамасында болады. Өйткені, балықтың жемі шетелден тапсырыспен алынады екен. Ал жемнің бір келісі 2600 теңге.
Консервіленген уылдырық дайындау жөніндегі жобамызды әртүрлі корпорацияларға ұсындық, бірақ несие алу мүмкін болмады. Шынымды айтсам, бірнеше туысыма несие алдырып сол қаражатқа балықтың қыстағын жасадық. Ал өндірісте мәселе болмайды деп айта алмаймын, - деді Тұрсынгүл Жақыпова.
Сондай-ақ, зауыт басшысы жақында Арменияда өткен көрме мен форумға қатысыпты. Армениядағы кәсіпкерлермен жүргізілген келіссөз нәтижесінде зауытқа стерлет балығын тірілей әкелуді жоспарлап отыр. Тұрсынгүл Жақыпованың сөзінше, балық өнімдерін консервілейтін бірнеше жоба да дайын тұр. Тек қаржыландыру мәселесі әзірге шешілмей тұр.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын