Ертең, 6 мамырда Маңғыстау облысының біраз жерінде жаңбыр жауады. Солтүстікте, батыста, облыстың орталығында қатты нөсер төгіп, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Күндіз облыстың оңтүстігінде шаңды дауыл болады. Солтүстіктен, солтүстік-шығыстан соққан жел облыстың басым бөлігінде 15-20 м/с. Солтүстік-батыста, солтүстік-шығыста екпіні 23-28 м/с жетеді.
Ақтау қаласында да 6 мамырға қараған түні қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ күтіледі. Жел — солтүстік-шығыстан, екпіні 15-20 м/с.
Маңғыстау облысының ТЖД жеке қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады.
-Қауіп-қатерден сақтанып жүріңіз. Жаңбырда жол әдеттегіден тайғақ болады, көліктің әйнектері су ағып анық көрінбейді. Мұндайда көлік айдау қиынға соғады, сондықтан жаяу жүргіншілер де өте мұқият болу керек.
Осыған байланысты жүргізушілерден жай жүріп, алдағы көлікке қатты жақындамауды сұраймыз.
Дауылды жел қаупі төнген жағдайда: балкондар мен лоджиялардағы жеңіл және көлемді заттарды тексеріңіз немесе бөлмеге көшіріңіз. Көлікті ағаштар мен ескі ғимараттардан әрі қойыңыз. Терезені де оңай сынып кетпейтін жағын ойластырып, бекітіп жабыңыз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Үйдің қабырғасына жақын жүрмеңіз, өйткені шатырдан шифер немесе басқа да шатыр материалдары құлауы мүмкін. Ерекше қажет болмаса, сыртқа да шықпаңыз.