Маңғыстау облыстық білім басқармасына қарасты есту қабілеті бұзылған, психикалық дамуы тежелген және сөйлеу тілінде ауыр бұзылыстары бар балаларға арналған №4 арнайы балабақша 1994 жылдан бері балдырғандарға қызмет көрсетіп келеді. Оқу-тәрбие жұмыстары мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізілетін осынау мектепке дейінгі мекеменің басты мақсаты—оқыту мен тәрбие беру бағытының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын тиімді жүзеге асыру. Сонымен қатар бұл мектеп жасына жетпеген балалардың денсаулығын сақтау құзыреттілігін арттырып, түзету мен сауықтыру шараларын жаңа бағытта өткізіп, мектепалды даярлық жұмыстарын толыққанды қамтамасыз етіп, зияткерлік, тұлғалық, әлеуметтік, эмоционалдық дамуын, ұлттық рухта тәрбиеленуін отбасымен бірлескен қарым-қатынас барысында реттейтін мекеме. Мекеме директоры Альбина Кенжеғараева мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сай білім беру бағдарламаларының жүзеге асырылуын қамтамасыз ете отырып, оқу-тәрбие процесі барысында білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігіне қажетті жағдайларды мүмкіндігінше жасап отыр.
- Ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеу және дамыту мәселелерінде балалар мен ата-аналарға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеміз,-дейді Альбина Болатбайқызы.-Балабақшаның балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтсақ, ұстазға байланысты. Балабақша тәрбиешілері мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талабына, жас ерекшелік топтарының үлгілік оқыту жоспары бойынша оқу қызметінің кестесіне сәйкес педагогикалық процесті жүзеге асырады, пәндік-дамытушылық ортаны қалыптастырады, балалардың шығармашылығына жетекшілік етеді. Жалпы балабақшада педагогтермен бірге арнайы мамандар жұмыс жасайды. Арнайы мамандар баланың дене, психикалық, сөйлеу, неврологиялық жағдайын ескере отырып, ерекше білім беру қажеттілігін бағалауды жүзеге асырады, баланың сөйлеу және психофизикалық дамуын тексеріп, құжаттаманы жүргізеді және талдайды.
Директордың айтуынша, бүгінде баланың мектепке даярлық мәселесі барынша өзекті болып отырған көрінеді. Бұл мәселенің өзектілігі 5-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі білімнен мектепте жүйелі оқуға көшу кезеңінде байқалады. Сондықтан балалары мектепке баратын ата-аналарды әдістемелік және психологиялық қолдау қажеттігі туындайды.
- Бұл мәселеге орай ата-аналардың қобалжуы өте орынды. Себебі, бала мектепке қандай дайындықпен, нені біліп баруы керек, осының барлығы ата-аналарды толғандыратын мәселелер. Осы мәселе бойынша балабақша педагогтері мен педагог-психологы үнемі ата-аналарға әдістемелік көмек көрсетіп отырады. Ондағы мақсат—ата-аналардың құзыреттілігін арттыру, балаларды тәрбиелеуге ата-аналарды тарту, яғни, оқуға ынтасының артуына, қолдың ұсақ бұлшық еттерін жетілдіру, баласы мектепке баратын кездегі ата-ананың қобалжу деңгейін төмендету. Қазақстанның заманауи білім беру саласының жаңа бағыты, бұл жаңа педагогикалық технологияларға өтуімен сипатталуы, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың дара шығармашылық нысандар мен әдістерге бағдарлануы мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі тәрбиешілері мен педагогтерінің инновациялық әдістемелік қызметінің маңызын арттырады. Ұйымның педагогикалық үдерістердің инновациялығы–мектеп жасына дейінгі балалардың тиімді дамуына себебін тигізетін жаңа технологияларды енгізу арқылы, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие сапасын және тәрбиешілердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған, - деді А.Кенжеғараева.
Осы балабақшаға бірнеше жылдар бойы демеушілік көрсетіп келе жатқан мекемелердің бірі— ҚР ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұжымы. Таяуда департамент бастығының орынбасары полковник С.Тоқтарғазин бастаған бір топ қызметкерлер «Балалар жылы» аясында балабақшада болып, балдырғандар мен тәрбиешілерді қуантып тастады. Олар балаларды, олардың ата-аналары мен ұжымды халықаралық балалар күнімен құттықтап, балабақшаға проекциялық экран тарту етті. Педагогтар мен ата-аналар бағалы сыйлық сыйлаған азаматтарға ризашылық білдіріп, алғыс айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА