Түркістандағы Маңғыстау облысы күндерінің аясында Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі және Маңғыстау облыстық мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы көрмесінің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Түркістан жұртшылығы сондай-ақ, маңғыстаулық өнерпаздардың концертін тамашалады. Түркістан Конгресс-холл сарайында өткен “Маңғыстаудан мың сәлем, түркі төрі!” атты өнер кешінде алғаш рет “Түркістан” әнінің тұсауы кесілді. Аман Жәңгіровтың сиясы кеппеген әнін Бауыржан Ретбаев пен Аида Байгелова шырқады. Әннің сөзін жазған жас ақын Тілеген Әли.
Сонымен қатар “Жорға” би ансамблі, М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы, А.Тарақұлы атындаңы ұлт аспаптар оркестрінің өнерпаздары және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар ән мен жырдан шашу шашты.
Гала-концерт өткен сарайда ине шаншарға орын болған жоқ. Түркістандықтар Маңғыстау өнерпаздарының өнеріне тәнті болып, ыстық ықыластарын білдірді.