Маңғыстау облысынан екі команда Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында өтетін «Айбын» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Әскери-патриоттық шарада Маңғыстау облысының намысын Жаңаөзен қаласының №3 орта мектебінің «Жас сарбаз» командасы мен Серікбол Қондыбаев атындағы №22 мектеп-гимназиясының «Жас теңізшілер» қорғайды.
Теңізшілер алғашқы дайындықты әскери тарихи музейден бастаған. Ол жерде оқушыларға әскери-теңіз күштерінің құрылу тарихы, киім үлгілері секілді құнды экспонтаттар таныстырылды.
Әкери теңізшілер оқушыларды атыс дайындығы, жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию, арқан тарту, кермеде тартылу және әскерилендірілген эстафета бойынша жаттықтыратын болады.
-Жас сарбаздардың көңіл-күйі мен дайындығы жоғары деуге болады. Күнделікті әр оқушымен жеке-жеке жұмыс жасалынып жатыр. Алдағы уақытта атыс сабақтары мен қаруды шашып, жинаудан сынақ қабылдаймыз. Жоспарға сай дайындықтың соңғы кезеңдері басталды десекте болады, - деді әскери теңіз база командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бағдат Мыңбаев.
Айта кетсек, 2021 жылы «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында Маңғыстау облысының «Альтаир» және «Жас теңізшілер» әскери-патриоттық клубы бірнеше номинациялар бойынша жеңімпаз атанған болатын.