Ақтауда 200 адамның басын қосқан «Есенов еріктілері – 2022» іс-шарасы өтті. Жиында студенттер «Қоғамға қызмет» пәні бойынша жасаған жобаларын баяндады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Yessenov University баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Студенттер университет фойесінде «Қоғамға қызмет» пәні бойынша орындаған жобаларының көрмесін ұйымдастырып, атқарған жұмыстарын баяндады. Жалпы, «Қоғамға қызмет ету» пәні бойынша 4 жыл ішінде 5711 студент білім алып, 900-ге жуық әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.
Шара аясында «Қоғамға қызмет» орталығының жұмысы туралы бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ жиында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінің, отбасылық үлгідегі балалар ауылының, даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №3 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығының тәрбиеленушілері студенттермен бірге өнер көрсетті. Ал оларға «BS Holding» ЖШС тәтті сыйлықтар табыстады. Студенттердің жобаларына қолдау білдірген экология, мәдениет, туризм, спорт және әлеуметтік көмек салаларында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне алғыс хат табысталды.
Осыдан төрт жыл бұрын Ш.Есенов атындағы КМТИУ студенттері волонтерліктің негізін меңгере бастаған болатын. Сол уақытта оқу бағдарламасына «Қоғамға қызмет» жаңа пәні енгізілген еді. Осы жобаны сапалы жүзеге асыру үшін орталық ашылып, студенттер сабақта дәріс тыңдап, жоба әзірледі. Жоба аясында мұқтаж жандарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлер мен арнайы мекемелердің тәрбиеленушілеріне көмек көрсетті.
Студенттердің айтуынша, жаңа пән олардың болашаққа деген көзқарасын өзгертуге көмектескен. “Өйткені жақсы іс жасау мен көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созу – игі іс” дейді жастар. Орталықтың негізгі мақсаты – нақты әлеуметтік мәселелерді шешуде студенттердің бойына белсенді өмір салтын ұстануды қалыптастыру.