Мұнайлы ауданында мемлекеттік кірістер департаменті, жол полициясы қызметкерлері мен ауыл әкімдіктері бірлесіп, жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық берешегін өндіріп алу үшін рейдтік шара жүргізіп жатыр. Бүгінде қарыз сомасы 173 млн теңгеден асты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық ҚКО-ға сілтеме жасап.
Мұнайлы ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, ауданда 19 763 жеке тұлғаның атына 25 мыңға жуық көлік құралы тіркелген. Сәуір айының басынан бері транспорт салығынан аудан қазынасына 87 миллион теңге түскен. Алайда қазіргі таңда мұнайлылықтардың аталған салық түрі үшін 173 850 840 теңге берешегі бар. Аудан бюджетін жылдам толықтырып, тұрғындардың транспорт салығын өтеуі үшін бірлескен рейд ұйымдастырылып келеді.
- Жол бойында арнайы техника арқылы жеңіл көліктер бақыланып, астындағы темір тұлпарына салық төлемеген жүргізуші тоқтатылып, ескерту беріледі. Сәуір айының басынан бері осындай рейдтің үшеуі ұйымдастырылды. Көлік салығын төлемеген тұлғалардың ісі мамырдың 26-сынан бастап мәжбүрлеп өндіру үшін сот орындаушыларға жолданады, - деді Мұнайлы ауданы кірістер департаментінің басшысы Қайрат Үсенғалиев.