«Өзенмұнайгаз» АҚ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолдауымен және мемлекеттік органдармен бірлесіп «Жарқын болашақ» жобасын іске қосады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылдан бастап жыл сайын 1000-ға жуық жаңаөзендік жасөспірім нақты ғылымдарды тереңдетіп оқытудан бастап, шығармашылық және спорттық қабілетін дамытуға дейінгі түрлі бағыттар бойынша мамандықтарды оқуға мүмкіндік алады. Жоба 2025 жылға дейін жоспарланған. Осы кезең ішінде 4 мыңдай оқушы қамтылмақ.
Республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттарда оқу үшін мемлекеттік квоталар бөлу қарастырылуда. Ал осы мектеп-интернаттарда және колледждердің оқу ақысы Ұлттық компания есебінен төленеді. Оқу ақысымен қоса, тұратын орыны, жолақы және басқа да шығындар өтеледі.
Білім беру мекемелерінің арасында Ақмола облысындағы дарынды балаларға арналған IQanat High School of Burabay мектеп-пансионаты, ҚР ірі қалаларындағы физика-математика бағытындағы жоғары білікті мектеп-интернаттар, спорт бағытындағы мектептер (олимпиадалық резерв мектептері), ҚР ірі қалаларындағы «Жас маман» бағдарламасы бойынша жаңғыртылған колледждер, өнер колледждері, әскери мектептер және «Жас ұлан» колледждері бар.
Оқу орындарының білім беру жүйесі, жатақханасы, тамақтану объектілері, медициналық қызметі, психологиялық-педагогикалық және басқа да қызметтері талапқа сай болуы тиіс.
Бағдарламаға серіктес болған мектептер мен колледждердің арнайы комиссиялары балаларға алдын ала іріктеу жүргізеді. Оқушылар мен ата-аналарды оқу бағдарламаларымен таныстыру мақсатында білім беру мекемелерінің жәрмеңкелері өткізіледі.
Сондай-ақ жоба аясында колледж түлектерін өңірлерде жұмысқа орналастыру қолға алынбақ.