Маңғыстау облыстық ауруханасының эндоскопист-дәрігерлері онкологиялық дертке шалдыққан 69 жастағы науқасқа алғаш рет эндоскопиялық аз инвазивті операцияны сәтті жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір сағатқа созылған операцияны аурухана дәрігер-эндоскопист Роллан Серікұлы Елеусінов, Бауыржан Жоламанұлы Танауов, Мақсат Болатұлы Тайшыбай және хирург Талғат Естұрғанұлы Мұқантаев жасады. Сондай-ақ дәрігер-анестезиолог Сағадат Бөлтеков мен медбике Зухра Сейтжанова қатысты.
"1953 жылы туған науқас «Ұйқы безі басының ісігі және механикалық сарғаю» диагнозымен түсті. Кешенді диагностикалық тексеру жүргізілді. Науқаста тері жамылғылары, әлсіздік, гепатоцеллюлярлық жеткіліксіздік болды. Осыдан кейін науқас хирургиялық ем алу үшін хирургиялық орталыққа жатқызылды", – деді Бауыржан Танауов.
Қосымша тексерулер кезінде «Механикалық сарғаю» диагнозы, яғни өт жолдары мен өт қабының бітелуі расталды. Бұл жағдайға тастардың, кисталардың болуы, паразиттердің жиналуы, бауырдың, ұйқы безінің немесе өт қабының ісіктері бар, өт жолдарының тарылуы (стенозы) және он екі елі ішекке өтуі себеп болған.
"Аталған науқастың диагнозы дәрігерлердің кеңесінде қаралып, нәтижесінде эндоскопиялық аз инвазивті ота жасау туралы шешім шығарылды. Бұл ота біздің ауруханада алғаш рет жасалды. Стентинг көмегімен өттің шығуы толығымен қалпына келтірілді, блоктың артына дренаж (түтік) орнаттық, бұл ішекке өттің физиологиялық кетуін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өйткені ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне қажетті көптеген маңызды заттар ішекке өтпен бірге түседі", - дейді Бауыржан Танауов.
Қазіргі уақытта науқас операциядан кейінгі кезеңнен өтіп жатыр, оған арнайы диета тағайындалады.
Айта кетейік, мұндай операциялар МӘМС бағдарламасы аясында тегін жүргізіледі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА