Еліміздің өзге аймақтары сияқты, біздің облысымызда да АИТВ инфекциясымен тіркелетіндер қатары жыл сайын артып келе жатыр. ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығы алдын алу және эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Жамиля Махамбетқалиевадан алған мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы өңірімізде АИТВ инфекциясымен 77 адам тіркелген. Бұлардың 10-ы—шет елдер азаматтары болса, 67 адам Қазақстан Республикасының азаматтары. Ал 2020 жылғы осы кезеңде 40 жағдай тіркеліп, оның ішінде 3 шетел азаматы, Қазақстан Республикасының 37 азаматы болған.
-АИТВ-инфекциясы облыстағы қалалар мен аудандардың барлығында тіркелді,-дейді Жамиля Әбдіқадырқызы.-Тіркелген жағдайлар ер азаматтар арасында 3 есе көп анықталған. Сондай-ақ АИТВ инфекциясын 17-65 жас аралығындағы азаматтардың жұқтырғаны өкінішті. Балалар арасында АИТВ инфекциясы анықталған жоқ. Балалы болуға қабілетті болғандықтан АИТВ инфекциясының жас шамасы бойынша 15-49 жас аралығында тіркелген жағдайларға көбірек көңіл бөлінеді. Қабылданған критерии бойынша АИТВ инфекциясының 15-49 жас аралығындағы таралушылығы облыста 0,08% көрсетті, яғни 0,09% критериден асқан жоқ. АИТВ инфекциясының әлеуметтік топтары бойынша талдайтын болсақ, олардың 60%-ы жұмыс істейтіндер арасында тіркелсе, 30%-ы жұмыс жасамайтын адамдар арасында анықталған. Жұқпаның берілу жолдарында жыныстық қарым қатынас арқылы 87% таралса, халықтың негізгі топтары арасында 5,2% анықталды. Облыста АИТВ инфекциясының өсуі АИТВ инфекциясына тексерілген адамдардың 30,1% көбеюіне байланысты болып отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 27 қарашада шыққан №211/2020 бұйрығына сәйкес, жүкті әйелдердің серіктері АИТВ инфекциясына тексерілуі тиіс.
Жүкті әйел жүктілігі бойынша есепке алынған кезде серіктері АИТВ инфекциясына бір рет тексерілсе, жүкті әйелдер жүктілігі кезінде 2 рет, яғни есепке тұрған кезде және жүктіліктің 28-30 аптасында тексеріледі. Жүкті әйелдер мен олардың серіктерінің АИТВ инфекциясына тексергендегі мақсат — АИТВ инфекциясын ерте анықтап, анадан балаға вертикальды берілу жолының алдын алу. 2021 жылы тексеру барысында жүкті әйелдердің серіктерінің арасында 18 адамнан АИТВ инфекциясы анықталса, жүкті әйелдер арасында 3 жағдай анықталды. Анықталған жағдайдар уақытында диспансерлік есепке алынып, антиретровирустық ем қабылдады. Жалпы АИТВ инфекциясы жүкті әйелде анықталған жағдайда, ем жүктіліктің 14 аптасынан бастап беріледі.
2021 жылдан бастап облыстық ЖИТС орталығында қатынасқа дейінгі алдын алу шаралары енгізілді. Қатынасқа дейінгі алдын алу шаралары АИТВ инфекциясының халықтың негізгі топтары арасында, дискордандық жұптарға, яғни, бір серігінде жұқпа болмаған кезде жүргізіледі. Негізгі мақсат—АИТВ инфекциясының жыныстық жолмен берілуінің алдын алу болып табылады. Жұқпаның өсімімен айтар болсақ, облыста 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін 483 АИТВ инфекциясы анықталды. Оның ішінде шетел азаматтары—99 (20,5%), азаматтығы жоқ адамдар—2 (0,4%), Қазақстан Республикасы азаматтары арасында—382 (79,1%). Қазақстан Республикасының азаматтары мен шет елдер азаматтары АИТВ инфекциясына тегін тексеріледі. Талдаманы емханада немесе ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығында тапсыруға болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА