Соңғы тәулікте өңірде 250 адам коронавирус жұқтырған. Ал жыл басынан бері 2023 адамнан коронавирус анықталды. Аймақта аурудың күрт көбеюі тұрғындардың уақытылы вакцина алмай, қоғамдық орындарда арақашықтықты сақтамай, бетперде тақпауынан туындап отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров мәлімдеді.
Қазіргі уақытта облыс «қызыл аймақта» тұр.
Спикердің мәліметінше, ауру тіркелу ошағы көп жер Ақтау қаласы. Ақтауда соңғы тәулікте 114 адамнан ауру анықталған. Ал Жаңаөзен қаласында 31, Мұнайлы ауданында 53, Маңғыстау ауданында 13, Түпқараған ауданында 7, Қарақия ауданында 2, Бейнеу ауданы бойынша короновирус инфекциясын жұқтырған 30 адам тіркелген.
-2022 жылдың 19 желтоқсанына дейінгі жағдай бойынша жедел жәрдем қызметіне 53 жедел жәрдем бригадалары қызмет етуде. 816 шақырту түскен. Оның ішінде КВИ – 17, пневмония – 7, ОРВИ 113. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелері деңгейінде 1785 науқас КВИ сырқатымен оқшауланған. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында коронавирустық инфекциясы бар науқастарға арналған 83 мобильді бригада жұмылдырылды. 68 мобильді бригада резервте тұр, - деді Аманбек Жұмыров.
Аманбек Жұмыровтың айтуынша, медициналық ұйымдар жеткілікті дәрілік препараттар және жеке қорғаныс құралдарымен қамтылған.