Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері заманауи С-дуга құрылғысын пайдаланып, 100-ге жуық ота жасаған. Қондырғы былтыр қарашада сатып алынды. Осы уақыт ішінде дәрігерлер қондырғыны пайдаланып, жоғары нәтижеге қол жеткізген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
С-дуга жылжымалы аппараты операция кезінде рентгендік кескіндерді алу үшін қажет. Жаңа жабдық толығырақ зерттеуге және үш өлшемді реконструкцияны жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар операция кезінде пациенттің қауіпсіздігін бақылауды арттырады. Аппарат травматология бөлімінің №4 операциялық бөліміне орналастырылған.
«Травматологияда жоспарлы және шұғыл түрде операциялар жасалады. Ал С-дуга құрылғысы барлық травматологиялық операция үшін қолданылады. Негізінде біз сүйек сынықтарын таңу, қажет болған жағдайда оларды жою, сондай-ақ орын ауыстырулар болса, ұсақ кесулермен пункциялар жасау, қажет жерде сүйекті бұрғылау, таяқшаны енгізу үшін арнаны ашу сынды аз инвазивті операцияларды жасаймыз. Мұның барлығы С-дугада жасалады. Себебі аталған құрылғы арқылы сүйек құрылымдарын, ондағы жарақаттарды көру оңай және сынықты емдеуді жеңілдетеді», - дейді Маңғыстау облыстық ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Есет Мұхамбетұлы Шахатбаев.
Маңғыстау облыстық ауруханасының емделушілерін жоғары сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін дәрігерлердің жоғары кәсібилігі ғана емес, операциялық бөлмелерде қолданылатын жабдықтардың сапасы, функционалдығы маңызды.
«Біздегі операциялық бөлменің ең маңызды элементі – кең ауқымды клиникалық қолданбалы С-дуга аппараты. Бұл құрылғының атауы дизайнына байланысты қойылған. Яғни, арка тәрізді стендтің бір шетінде рентгендік түтік болса, екінші жағында рентгендік кескінді күшейткіш бар. Мобильді рентген аппараты хирургиялық араласулар кезінде зерттелетін анатомиялық мүшелердің сапалы визуализациясын қамтамасыз етуге, операциялық бөлмедегі пациенттерге ең аз сәулелену дозасымен үздіксіз импульстік флюорографияны жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл аппараттың арқасында біз сүйек сынықтарын тұрақтандырамыз, кесілген жерлердің кішкентай болуына байланысты іргелес буындардың қозғалысын ерте қалпына келтіреміз», – деді Есет Мұхамбетұлы.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА