Бейнеу аудандық орталық ауруханасында алғаш рет компьютерлік томография кабинеті ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компьютерлік томография ауыр халдегі науқастардың мидағы қан айналымының жедел бұзылуын, өкпе қабынуының көлемін, қаңқа сүйектерінің жарылуын және қатерлі ісіктерді тез арада анықтауға мүмкіндік береді.
"Жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп, аудан орталығында томография кабинеті өз жұмысын бастап жатыр. Мұнда екі маман қызмет етеді. Түсірілген суреттерді Ақтау қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханасындағы арнайы мамандарға жіберіп, қорытындысын 30 минут ішінде алуға мүмкіндігіміз бар. Ақпан айынан бастап облыс орталығынан білікті дәрігерлерді алдыру жоспарланып отыр. Бұрын басынан жарақат алған науқастардың миындағы ауытқуларды анықтауға және «COVID-19» вирусына шалдыққан науқастардың өкпесінің қабыну көлемін анықтау үшін Маңғыстау облыстық санитарлық авиация желісі арқылы облыс орталығына жіберуші едік. Енді ол мәселе шешімін тапты" -, деді Бейнеу орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Берік Абдуллаев.