Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында анастомоз операциясы жасалды. Нейрохирург-дәрігер Думан Мырзабеков 61 жастағы науқастың ішкі ұйқы артериясын қалыпқа келтіріп, миға қан жетіспеушілігінің алдын алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Анастомоз операциясы – жоғары технологиялық, өте күрделі отаның бірі. Тіпті, елде мұндай операцияны жасайтын нейрохирург көп емес. Аурухананың нейрохирург-дәрігері Думан Мырзабековтың айтуынша, операция 5 сағатқа созылды. Себебі операцияның жасалуы бірнеше сатыдан тұрады.
«Алғашқы этапты «донор» деп атаймыз, яғни бұл кезеңде тері астындағы артерияны бөліп алу процесі болады. Одан кейін ми бетіндегі бітелген тамырды табамыз. Ал үшінші этап тері астынан бөліп алған артерияны ми бетіндегі тамырға біріктіріп, тігуге арналады. Сол арқылы мидағы қан айналым жетіспеушілігін азайтамыз. Микрохирургиялық операция болғандықтан ұқыптылықты талап етеді», - дейді нейрохирург-дәрігер Думан Мырзабеков.
Науқаста ішкі ұйқы артериясы жабылып қалған. Аталған артерия миды қанмен қамтамасыз етеді. Егер артерия бітеліп, миға қан бармаса, адам бірден инсульт алады. Кейбірі мүгедек болып қалады. Ал кей адамдарды миға баратын қосымша тамырлар инсульттан қорғап қалуы мүмкін.
«Біздің ауруханаға келген науқаста аса қатты инсульт болмаған. Бірақ біз тамырларға ангиографиялық зерттеулер жасап, тексердік. Зерттеу қорытындысы бойынша мидың сол жақ бөлігінде қан айналымның жетіспеушілігі анықталды. Соның салдарынан науқастың үнемі басы ауырған. Аурудың алдын алу үшін операция жасауды ұйғардық. Ота сәтті өтті», - деді нейрохирург-дәрігер Думан Мырзабеков.
Операция сәтті аяқталған соң науқасты жан сақтау бөліміне жатқызып, жағдайын бір күн бақылаған. Кейін палатаға шығарылды. Қазіргі таңда миға қан баруы жақсарған, бастың ауыруы байқалмайды, өзін жақсы сезіне бастаған.
Айта кетейік, мұндай операция ауруханада жылына 5-6 рет жасалады.
«Егер адамда бір жақ қол-аяғының ұюы, әлсіздік, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, шаршау, үнемі бас ауру мазаласа, бірден дәрігерге қаралғаны дұрыс. Көп жағдайда тұрғындар бас ауруына салғырттық танытады. Соның әсерінен ауру асқынып, инсультке әкеледі. Ия, мұндай кезде де операция жасалады. Тек ишемиялық инсульт алып, ми әбден шаршап, өліп қалса, онда операция жасалмайды. Себебі ота жасар кезде мидың сау болғаны маңызды. Тамырларды тігуге ыңғайлы болады», - дейді нейрохирург-дәрігер Думан Мырзабеков.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында анастомоз операциясын жасау – тегін. Ол үшін алдымен науқасқа ангиографиялық зерттеу жүргізіледі. Нәтижесіне байланысты ота күні белгіленеді, портал арқылы жоспарлы түрде жасалады.
Айта кетейік, операцияға Думан Мырзабеков бірге анестезиолог Қарлығаш Шәдиева, ассистент Дабысбай Мейрамбек, медбике Ирина Викторовна қатысты.
"Әуелден басым ауырып жүретін еді. Операциядан соң жағдайым жақсарды. Жақында ғана ангиографиялық зерттеу жүргізді, нәтижесі – жақсы. Бұған дейін осы облыстық ауруханада Думан Молдабековке 2 рет ота жасаттым. Ешқандай шағымым жоқ. Ауруханада барлық жағдай жасалған, күн сайын таза төсек, тамағы уақытылы беріліп жатыр. Нейрохирург-дәрігер Думан Мырзабеков пен медицина қызметкерлеріне алғыс айтамын", - деді емделуші Орынғали Жұбанов.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА