Бүкіл әлемде АИТВ жұқпасы өзекті ауру болып қалып отыр. Мамандардың айтуынша, жұқпа адамның иммундық жүйесіне әсер етіп, адамның қорғаныс қабілетінің күрт төмендеуіне апарып соқтырады. Аурудың асқынуы ЖИТС-ке, яғни, адамның иммун тапшылығы синдромына жалғасады. Облыстық ЖИТСке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі орталығының эпидемиолог дәрігері Динара Нұрғалина 2021 жылы АИТВ жұқпасымен 77 адам тіркелгенін айтты.
-Статистика бойынша соңғы жылдары Маңғыстау облысында АИТВ жұқпасы көбінесе жыныстық жолмен берілгені тіркелуде, - дейді Динара Сәбитқызы. - Мысалы, өткен жылы тіркелген 77 адамның 77,6%-ы жұқпаны гетеросексуалдық жолмен жұқтырғаны белгілі болды. Өкінішке орай, адамдардың көпшілігі АИТВ жұқпасы оларға ешқандай қауіп төндірмейді деп ойлайды. Олардың түсінігі бойынша, бұл ауруды халықтың белгілі бір топтары—дисфункционалды отбасылар, есірткіге тәуелді адамдар, секс-жұмыскерлер және ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар ғана жұқтыруы мүмкін. АИТВ індеті алғашы тіркелген жылдары солай болғаны және АИТВ-ның жаңа жағдайлары дәл осы топтарда тіркелгені рас. Алайда, бүгінгі күні бұл жұқпа аталған қауіп топтарына жатпайтын адамдар арасында да тез тарап жатыр. АИТВ жұқпасын жұқтырудың негізгі себебі, әдеттегідей, жұқпаның берілу жолдарын білмеу және қауіпті мінез-құлыққа байланысты болып тұр. Жасыратыны жоқ, көптеген адамдар кездейсоқ жыныстық қатынасқа түседі, бірақ қажетті ақпараттардан хабары болмағандықтан АИТВ жұқпасы мен жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғану керек екенін білмейді. Тәжірибеде көріп жүргеніміздей, АИТВ анықтағандардың көпшілігі оны жұқтырмас бұрын бұл жұқпа туралы ешқандай ақпараттан хабардар болмаған. Сондай өкнішті жағдайға тап болып қалмау үшін әр адам өзін қорғау үшін бірнеше ережелерді білуі тиіс. Ең алдымен, АИТВ жұқпасының берілу жолдарын білу керек. АИТВ қан арқылы, ұрық сұйықтығы және вагинальды секрецияар арқылы, сондай-ақ жұқтырған анадан балаға өтеді. Қарапайым ережелерді сақтай отырып, АИТВ-жұқпасын жұқтыру қаупін төмендетуге болады. Кездейсоқ жыныстық қатынасты болдырмау және жыныстық қатынас кезінде қорғаныс құралдарын қолдану, стерильді медициналық құралдарды қолдану арқылы да аурудың алдын алуға болады.
Сондай-ақ қауіпті мінез-құлыққа жол бермеу, есірткі қолданбау, ретсіз, әсіресе, гомосексуалдық жолмен жыныстық қатынасқа түспеу керек. Адамның келбетіне қарап, оның АИТВ жұқпасы бар-жоғын анықтау мүмкін емес екенін атап өткім келеді. АИТВ оң нәтижелі адам дені сау болып көрінуі мүмкін және өзін жақсы сезінуі де мүмкін, бірақ сонымен бірге ол бойындағы вирусты басқа адамдарға жұқтыра алады. Сондықтан АИТВ мәртебесін анықтаудың жалғыз сенімді әдісі—АИТВ жұқпасына қан талдамасын тапсырып, тексерілу екенін айтудан жалықпаймыз. Маңғыстау облысында АИТВ-ға тексеру Ақтау қаласы, 3 шағын аудан, 170-ғимарат мекен-жайы бойынша тегін және құпия негізде жүргізіледі. Әзірше емі табылмаған осынау қатерлі аурудан сақтанғысы келетіндер үшін АИТВ жұқпасы бойынша ақпарат барлығына қол жетімді. Ақпаратпен тиісті оқулықтардан, ғаламтор желісіндегі ресурстардан және біздің сайттан танысуға болады www.antispid.kz.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА