18 ақпанда Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасында жүрекке, атап айтқанда, үш коронарлық артерияға аорткоронарлық шунттау операциясы жасалды.
Операцияға Маңғыстау облыстық ауруханасының кардиохирургы Әнетов Асылбек Сәрсенбайұлы, анестезиолог-реаниматологы Жұмаділлаев Мәулен Базарәліұлы, перфузиолог-дәрігер Әшіров Жәнібек Заидинович және Президенттік емхананың кардиохирургы Ермағамбет Мұханұлы Қуатбаев қатысты.
– Науқас 64 жаста. Ақтау қаласының тұрғыны кеудесі ауырып, бірнеше жылдан бері кардиологқа шағымданып келді. Жүрек ауруы күшейген, екі апта бұрын науқас миокард инфарктын алған. Медициналық тексеруден кейін жүректің бір тамыры толығымен жабылған. Ал ота жүрек бұлшықетінің қан айналымын қалыпқа келтіруге бағытталды», - дейді Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының кардиохирургиялық орталығының меңгерушісі Талғат Базылбекұлы Жакиев.
Операция күрделі, себебі жасанды қан айналым жағдайында жасалады. Яғни операция кезінде жүрек пен өкпенің жұмысы тоқтайды, бұл органдардың қызметін қанайналым құрылғылары орындайды.
– Операция 2,5 сағатқа созылды. Науқас қазір анестезиядан айығып жатыр және ол алдағы екі-үш сағатта оянады. Келесі күні палатаға ауыстырылады», — дейді Талғат Базылбекұлы.
Айта кетейік, операция МӘМС арқылы тегін жүргізілді. Жүректің ишемиялық ауруын емдеудегі ең тиімді әдістердің бірі - коронарлық артерияны шунттау. Ал операциядан бір күн бұрын науқасты хирург пен анестезиолог тексереді. Аорткоронарлық шунттау операциясына дейін 12 сағаттан кешіктірмей жеңіл кешкі ас ұсынылады, ал түнде тамақ ішуді және дәрі қабылдауды тоқтатуы керек.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА