Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының ревматолог-дәрігері Айнагүл Башиева медицина саласында 17 жылдан бері еңбек етіп келе жатыр. Сол жылдар арасында кәсіби тұрғыда жетіліп, науқастар мазалаған ауруға шипа тауып жүр.
Оның айтуынша, дәрігерлер кез келген нәрсеге дайын болу керек.
«Дәрігерлер үшін кез келген жағдай оңай емес. Себебі әрбір келген науқастың өмірі біздің қолда тұр. Сондықтан ауруды оңай немесе қиын деп бөліп айта алмаймыз. Әр науқасқа жеке көңіл бөлу қажет», - дейді ревматолог-дәрігер Айнагүл Башиева.
Ал әлемді жайлаған коронавирус өршіген кезде облыстық аурухананың дәрігерлері алдыңғы шепте жүрді. Соның ішінде №2 терапия бөлімінің меңгерушісі, ревматолог-дәрігер Айнагүл Сейтжанқызы бастаған медицина қызметкерлері екі есе жауапкершілік жүктеген.
Айнагүл Башиева жұмыс істейтін №2 терапия бөлімі ревматологиялық, нефрологиялық және пульмонологиялық көмек көрсетіп, тұрғындар мазалаған ауруды анықтауға жәрдемдесті.
«Әсіресе, пульмонологтар тыныс алу жолдарында қиындығы бар, яғни астма, созылмалы тыныс алу ауруларына шағымданып келген көп науқасқа диагностика жасады. COVID-19-ға дейін пневманияны емдеді. Бірақ пневманияның өзі басқа да вирустармен байланысқан кезде науқастар модульдік стационарда емделуге тура келді. Себебі аурухана бөлімшесінде тек пневманияның бактериялды түрін емдеуге көп көңіл бөлінді», - дейді А. Башиева.
Дәрігердің айтуынша, 2020 жылы коронавируспен ауырып келген науқас көп болды. Барлығы бірден ауырып, ауруханаға жатты. Ал былтыр бұл аурумен бір жыл күрессе де, жағдай оңайға соқпаған.
«Екі жыл бұрын індетпен кездессек те, 2021 жылы адамдар өте ауыр, күрделі ауырлықта ауруханаға келді. Тіпті, жас та, кәрі де аурумен бетпе-бет кездесті. Вакцина алмаған адамдар қаншама?! Коронавирус кезінде тек біз ғана індетке қарсы күрестік деп айта алмаймыз. Бұл әлем дәрігерлерінің күресі болды», - деді Айнагүл Башиева.