Сотталған азамат дәріханалардың бірінен трамадол сатып алып, оны іш киімге тығып, колонияға өткізбек болған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алайда жедел қызметкерлердің қырағылығы арқасында айласы іске аспады.
Оқиға 10 тамыз күні сағат 18:10-да Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ГМ-172/8 мекемесінде болған.
"Жедел ақпарат тобының қызметкерлері мен РСБ қызметкерлері инспекция бөлмесінде жеке тінту жүргізген. Нәтижесінде Д.И. есімді сотталушыдан ақ түсті таблеткаларды, яғни психотроптық зат трамадолды тапқан. Жедел қызметкерлер сотталушыдан 26 таблетка тәркіледі. Бұл факті Маңғыстау облысы бойынша ІІД ГМ-172/8 мекемесінің ОЖСБ-на тіркелді", - дейді мамандар.
Мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталушы Ақтау қаласындағы кәсіпорындардың бірінде жұмыс істейді. Айта кетейік, жұмысшылар таңертең колония аумағынан шығып, кешке жұмыстан қайтады.