Бүгін жоғары және арнаулы оқу орындары студенттерінің қатысуымен "Жаңа өмір" атты мотивациялық тренинг өтті, - mangystaumedia.kz сайты.
Шараны Маңғыстау облысының жастар саясаты мəселелері жөніндегі басқармасының тапсырысы аясында Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе «Ақтау» студенттер Альянсы» корпоративтік қоры ұйымдастырды.
Мотивациялық тренингті «Samga Academy» тұлғалық дамыту орталығының директоры, сертификатталған коуч ICU, бизнес тренер Бибігүл Шайхиева жүргізді. Ол жаңа өмір бастаудың жолын, өзін-өзі қалыптастырудың алгоритмін айтты. Студенттермен байланыс орнатуына, танысуына мүмкіндік берді.
Белсенді қатысқан студенттерге тренер сыйлық беріп, өмір жолында жақсы энергия жинауға, жетістікке жетуге тілек білдірді.
Шара соңында «Ақтау» студенттер Альянсы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Гүлмира Бурхандинова сөз сөйлеп, қатысушылармен кері байланыс орнатты.
Айта кетейік, аталған тренингтің негізгі мақсаты - қатысушылар арасындағы көшбасшылықты дамыту, өзара ынтымақтастықты қалыптастыру. Сондай-ақ ұжымдық бірлікті нығайту, арман-мұратқа жетелеп, жағымсыздықтан, мазасыздықтан арылту, сенімділікке шақыру.