Астана қаласында велотректен ерлер және әйелдер арасында өткен қысқы ел біріншілігінде Дмитрий Носков пен Сергей Пономарёв ҚР чемпиондары атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
6-11 ақпан аралығында Астана қаласында велотректен ерлер және әйелдер арасында қысқы Қазақстан Республикасының Чемпионатында маңғыстаулықтар велошабандоздар 2 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде иеленді. Жарыста 16 облыстан 225 спортшы бақ сынаған болатын.
Оның ішінде Дмитрий Носков командалық уақытқа жарыста 1-орын, Сергей Пономарёв кейрин бағдарламасы бойынша 1-орын, Рамазан Мұхтар гит 1000 метр бағдарламасы бойынша 2-орын иеленді. Ал қола жүлдегерлер қатарынан кейрин бағдарламасында бақ сынаған Виктор Голов пен спринт бағдарламасында Рамазан Мұхтар көрінді.
Сондай-ақ, маңғыстаулық спортшылар Виктор Голов, Рамазан Мұхтар, Сергей Пономарёв командалық спринт бағдарламасында өнер көрсетіп жеңіс тұғырының екінші сатысына тұрақтады.
"2024 жылдың бірінші жарысын ойдағыдай бастадық. Кейрин жарысын ұту біз үшін маңызды болды, себебі бұл - Парижде өтетін 2024 Олимпиада ойындарына іріктеу кезендерінің бірі. Рамазан Мұхтар, Дмитрий Носков, Сергей Пономарёв 21-26 ақпанда Үндістан мемлекетінде өтетін Азия Чемпионатына жолдама ұтып алып, Ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Олимпиадалық лицензия ұтып алуға көмектесетін біз үшін маңызды ұпайлар осы Азия Чемпионатында сарапқа салынады", - деді МО велоспорттан аға жаттықтырушысы Жанұя Сеитова.
Жалпы есепте ерлер арасында өңір құрамасы командалық 2-орынға тұрақтады. 15-16 жас аралығында ұлдар және жасөспірім қыздар ел біріншілігі мен велоспорттан республикалық жарыста бақ сынап, маңғыстаулық Әділхан Шамыран скретч бағдарламасында күміс жүлдегер атанды.