Маңғыстаулық кардиохирургтар өкпе артериясында 5 сантиметр қан ұйыған Жаңаөзен қаласының тұрғынына ота жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1973 жылы туған ер адам қатты ентігу, бірнеше айға созылған жөтел және әлсіздік белгілерімен ауруханаға келген.
- Науқасқа контрастпен кеуде сегментінің компьютерлік томографиясы жасалды. Өкпе артерияларының тромбоэмболиясы анықталды. Ұйыған қан өкпе артериясын толықтай және сол жақ артерияны ішінара жауып тастаған. Осылайша өкпе артерияларына қан түспеген. Шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылданды, - дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының кардиохирургы Әбунасыр Суханов.
Дәрігерлер науқастың денесін гипотермия әдісімен 36 градустан 20 градусқа дейін салқындатып, бірнеше минут ішінде қан айналымын толық тоқтатқан. Бұл – өкпе артериясының барлық тармағын көру үшін жасалған. Содан соң өкпе артериясы аймағындағы ұйыған қанды алып тастапты. Өкпе артериялары құрылымдарының қалпына келтірген дәрігерлер науқастың дене температурасын реттеген.
- Бұл ота Маңғыстау облысында алғаш рет жасалды. Әлемдік клиникалық тәжірибеде, тіпті шұғыл хирургия кезінде де, жаппай тромбоэмболиямен ауыратын науқасты құтқару әрекеттері нәтижесіз болады. Тіпті адамның аман қалуы екіталай. Біз жасаған ота сәтті өтті, уақтылы көмек көрсетілді. Қазір науқастың жағдайы жақсы, үйге шығуға дайындалып жатыр, - деді кариохирург Әбунасыр Жетпісұлы.
Жаңаөзен қаласының тұрғыны Асқар Бекмағамбетов күрделі отадан кейінгі жағдайы туралы айтты.
- Жағдайым бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды, ентігу мен жөтел басылды. Дәрігерлерге өте ризамын, бәрі жақсы өтті, - деді Асқар Бекмағамбетов.
Айта кетейік, жоспарлы оталар – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша, ал шұғыл хирургиялық операциялар – медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жүргізіледі.