Бүгін «Жаңа Қазақстаның тірегі - жалынды жастар» атты жастар форумы өтті. Форумға дінтанушы, философия ғылымының кандидаты Кеңшілік Тышханұлы, «Qazaqstan team» жастар ұйымының басшысы Олжас Сүлейменов, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Аят Сүгірбай қатысып, аймақ жастарымен пікір алмасты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шарада алдымен Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай сөз сөйледі. Ол жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктерді атап, өскелең ұрпақты білімді, жалынды, азат ойлы болуға шақырды. Сонымен қатар бейбіт, тыныш өмірді бағалауға және уақытты тиімді өткізіп, жаңашыл жас ретінде алға ұмтылу қажет екенін ескертті.
«Жалпы қоғамда «жергілікті халық мұнай саласына баруы керек» деген қалыптасып қалған түсінік бар. «Мұнай бізден шығады» деп жаппай мұнай саласын меңгеру дұрыс емес. Алпыс жыл бұрын ата-бабамыз мұнайдың не екенін де білген жоқ. Екіншіден, мұнай сарқылатын байлық, сондықтан мұнайдың қанша жылы қалғаны да белгісіз. Мұны естіп, біліп жүрген де шығарсыздар», - деп қала әкімі жастарды жаңа мамандықтарды меңгеруге бағыттады.
Содан соң Ақтауға арнайы келген Олжас Сүлейменов жастармен түрлі тақырыпта әңгіме өрбітті.
«Біздің қазіргі басты міндетіміз – ата-анаға қызмет ету. Өмір бойы соларды еркелетіп, разы болатындай әрекет ету. Егер біз осы жолмен өмір сүріп, өз құндылықтарымызды сақтайтын болсақ, сол кезде өте мықты тұлға боламыз», - деді О. Сүлейменов.
Сондай-ақ ол тәрбиесіз берілген білімнің пайдаға жарар жері аз болатынын жеткізді. Яғни, тәрбие мен білім – егіз ұғым. Бірі бар, бірі жоқ болса, «толық адам» бола аламайтынын тілге тиек етті.
«Сорбонна университетінде «Саған табиғат бере алмаған нәрсені Сорбонна да бере алмайды» деп жазулы тұр. Былайша айтқанда, ол қазақтың қарапайым «Есекті тұлпар қыла алмайсың» деген сөзі. Егер де үйдегі тәрбие дұрыс болмаса, қанша жерден білім алып, Гарвард оқып келсең де мықты тұлға бола алмайсың», - деді Олжас Сүлейменов.
Одан бөлек салт-дәстүр, ұлттық құндылық, тіл үйрену және жаңа дағды қалыптастырудың маңыздылығы туралы сөз қозғалды.
«Дамыған мемлекеттерде «Үкімет – ең жаман менеджер» деген сөз бар. Егер де «бізге барлығын үкімет істеп береді» десек қателесеміз. Ұлттық құндылықты қоғам және бизнес өкілдері жасайды, сонда өз пайдасын береді. Қазір көбі «Жаңа Қазақстан» деп жар салып жатыр. Егер халықта болашаққа деген сенім жоқ болса, онда айтып, істеп жүрген іс пен сөзіміз бекершілік. Ең әуелі халықта сенім болу керек. Бір кездері ұлттық құндылықты көтеру мақсатында «Рухани жаңғыруды» шығарды, соңында рухани қаңғыруға айналдырдық. Сол секілді қандай бастама көтерілсе де оны сақтап қалу, әрі қарай дамыту тек сіз бен бізге байланысты. Ұлттық құндылық деген ұғым бір күндік немесе бір жылдық ғана емес, ол өміршең болуы керек. Ал оны өміршең етуді өзімізден бастайық», - деді Олжас Сүлейменов.
Ал дінтанушы Кеңшілік Тышханұлының айтуынша, жастар коммуникативті, ортаға тез бейімделеді, соған сай көп нәрсеге еліктейді. Жастар арасында әр түрлі ситуация көп. Егер жастарға дер кезінде дұрыс бағыт-бағдар бермесек, ертең үлкен идеологиялық қауіп санасы мен жүрегіне оңай орнығып алады. Кейін онымен күресу қиынға соғады.
«Әсіресе діни бағыттағы теріс ұйымдардың өзі жастарға объект ретінде қарайды. Неге десеңіз, оларда энергия, күш бар, қандай да бір билікке келген заманда қызмет ету оңайға соғады. Сондықтан жастардың санасына кім иелік етсе, сол мемлекеттің тұтқасын ұстайды. Сол себепті жастарымызды діни бағыттардан, теріс ұйымдардан, интернеттегі теріс ықпалдардан қорғай білсек, біздің мемлекеттің де болашағы тыныш, жарқын болады», - дейді Кеңшілік Тышханұлы.
Форум барысында ол хиджаб киген жастар туралы қойылған сұраққа жауап берді.
«Осман империясы 637 жыл бойы ислам дінін ту етіп ұстанды. ХІІ-ХІІІ ғасырдан бастап қазіргі уақытқа дейін исламда өзінің орны бар. 90 миллионға жуық азаматтың 99 пайызы – мұсылман. Олардың куәлігінде діні ислам екені көрсетіледі. Сондай мемлекеттің өзінде хиджаб мәселесі жақында ғана шешілді. 1998 жылы Түркия елінде оқып жүргенде хиджаб киген қыздарды оқудан шығарып жіберген. Бірақ мұндай саяси толқындар, саяси таластар жиі болып тұрады. Дегенмен біз мән беріп және есте сақтап алатын жайт бар, бізде мемлекеттік дін жоқ, заң бойынша зайырлы мемлекетпіз. Ислам дінін құндылық ретінде мойындағанымызбен исламға басымдық берілмейді. Бұл ретте біздің санамыз биік болуы керек. Санамызды қалай көтереміз, егер біз орамал таққан қызға «араб құлсың» демесек, хиджаб киген қыз сізге «кәпір» демесе, сана көтеріледі. Ал біз әзірге мұндай саналық деңгейге жеткен жоқпыз. Сондықтан қоғамда хиджаб мәселесі әлі толық шешілмей келе жатыр», - дейді К. Тышханұлы.
Ал Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшесі Аят Сүгірбай бүгінгі жастардың белсенділігіне тәнті болды. Оның айтуынша, маңғыстаулық жастардың ой-өрісі мен сана биіктігі жыл сайын өсуде. Соған сай қозғаған тақырыптары мен спикерге қойылған сұрақтары да осал болмады. Жастарға осындай форум әлі қажет екенін және оларды саяси оқиғалар, жаңалықтар қызықтырғанын атап өтті.
Айта кетейік, аталған форум Ақтау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер Ақтау қаласы әкімдігінен алынды