Бүгін Yessenov University студенттеріне арналған «Сәтті адам: мақсаттарға жетудің технологиясы» атты мотивациялық тренинг өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тренинг Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысы негізінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесе «Ақтау студенттер Альянсы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілді. Шара барысында ұйымдастырушы Гүлмира Бурхандинова сөз сөйлеп, тренингтің мақсаты мен міндетін жастарға түсіндірді. Сондай-ақ студенттерді төрт сағатқа созылатын шарадан қажетті, пайдалы ақпарат алуға шақырды. Спикер ретінде «Samga Academy» тұлғалық дамыту орталығының директоры, сертификатталған коуч ICU, бизнес-тренер Бибігүл Кәкімжанқызын таныстырып, көпке сәттілік тіледі.
Тренингтің мақсаты – жастардың қарым-қабілеттерін танып, оны жетілдіруге бағыт-бағдар беру. Мақсатты анықтауды, дұрыс армандауды үйрету, оған жету жолындағы технологияны ұсыну.Сол себепті спикер ең алдымен студенттерді топқа бөліп, команда мүшелерінің жеке ерекшелігін тануға уақыт арнады. Оның айтуынша, бұл өзін және өзгені тануға, мақсатты анықтап, бағытты айқындауға септігін тигізеді. Ең бастысы коммуникация орнатуға жағдай жасайтынын айтты.
Сонымен қатар ол армандаудың жай ғана қиялбоп қалмау жолын түсіндірді. Бибігүл Шайхиеваның айтуынша, әрбір адам үлкенді армандай білу керек. Ешқашан жетпейтіндей, қорқынышты көрінетіндей, алыста тұрғандай бір арманды аңсау керек. Сонда ғана адамда жігер пайда болады, алысқа жетуге талпынады.
«Адамның бәрі армандайды, мақсат қояды. Біреуге арманымызды зор мақтанышпен айтамыз. Алайда көбі өзі қалаған арман мен мақсатқа жете бермейді. Себебі адам өзіне «Не үшін?» деген сұрақты қоюды ұмытып кетеді. Неліктен армандап, не үшін мақсат қойғанын анықтамағандықтан жарты жолда тастап кетеді. Сондықтан армандаудың алғашқы сәтті қадамы «Не үшін армандап жатырмын?» деген сұраққа жауап беруден басталады», - дейді Бибігүл Шайхиева.
Мұнан бөлек қоршаған ортамен қарым-қатынасты дұрыс орнату, қаржылық сауаттылық пен тайм менеджмент адамның алға жылжуына әсер ететінін тілге тиек етті. Осылайша тренинг барысында студенттер жиі практикалық жұмыс жүргізді. Арман, мақсаттарын айқындады, кедергілер мен мүмкіндіктерді талқылады.
«Тренингтен көп пайдалы ақпарат алдық. Мақсатқа жетуге, тиімді уақыт өткізіп, арманға ұмтылуға деген мотивация пайда болды. Осы тренингке қатысқаныма және білікті маманнан кеңес алғаныма қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Барлық студенттер де қуанышты деп ойлаймын», - дейді 3-курс студенті Нұрай Қайыпова
Айта кетейік, мотивациялық тренинг ертең өңірдегі басқа да арнаулы оқу орындарында өткізіледі.