"Қошқар ата" қалдық қоймасын рекультивациялауға бөлінген 1 млрд теңге толық игерілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Еске сала кетейік, былтыр 10 қарашада Экология министрлігі 1,0 млрд теңгені аударып, мердігер мекеме 2021 жылға жоспарланған 266,2 гектарға рекультивациялау жұмыстарын жалғастырды. Яғни 70-ке тарта адам 30 арнайы техниканы пайдаланып, "Қошқар ата" қалдық қоймасына 819 343 м3 топырақ төседі.
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, былтыр 11 қараша күні Экология министрлігіне 2022-2024 жылдарға жұмысты аяқтауға бюджеттік өтінім жіберіліп, 2022 жылға - 3,0 млрд теңге қолдау тапты. Қазірге таңда төтенше жағдайға және карантинге байланысты 2022 жылға жоспарланған жұмыстар қаңтар айының аяғында басталатын болды.
Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте Үкіметке және облыс әкімдігіне «Қошқар-ата» қалдық қоймасын үш жыл ішінде аяқтауды тапсырған болатын.