Ақтауда картоп бағасы тұрақты, тіпті алдағы уақытта арзандауы мүмкін. Бұл туралы бүгін қаладағы көтерме сауда кәсіпкерлері айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы, Ақтау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары көтерме сауда базарына барып, азық-түлік бағасына мониторинг жүргізді. Кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтермеуді және 15 пайыздан артық үстеме ақы қоспауды ескертті.
Кәсіпкерлердің айтуынша, базарда азық-түлік қоры жеткілікті. Сонымен қатар көкөніс бағасының да бірқалыпты екенін жеткізді.
«Көкөністердің көбін Иран, Түркменстан, Өзбекстаннан алып келеміз. Ал Қазақстанның Павлодар, Қарағанды қалаларынан картопты сатып аламыз. Қазіргі таңда Павлодарда картоп бағасы салыстырмалы түрде төмендеді. Себебі өнімді шетелге шығару тоқтатылды. Соның нәтижесінде біз 140-150 теңгеден картопты алып жүрміз. Жол шығынын есептеп, облысқа көтерме сауда бойынша 190-210 теңгеге сатамыз. Баға өнімнің сапасына байланысты болады», - дейді кәсіпкер Назарғали Нұрпейіс.
Қазіргі таңда кәсіпкерде 250-300 тоннадай пияз бен картоп сақтаулы тұр.
«Ал Қазақстан бойынша ең арзан қырыққабат – Маңғыстауда. Себебі Маңғыстаудың шекарасы Иран, Түркменстанға жақын. Сондықтан көтерме саудада қырыққабаттың бағасы – 190-200 теңге. Сондай-ақ азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін «Каспий» ӘКК-нан 100 млн теңге көлемінде қаражат алдым. Пайызсыз, қайтарымды қаржы, сол арқылы өнімдерді нарыққа ұсынып отырмын», - деді кәсіпкер Н. Нұрпейіс.
Оған қоса облыста 200 тоннадан аса сәбіз сақтаулы тұр. Кәсіпкердің айтуынша, жарты жыл бұрын мемлекеттен несие алып, оған Ресейден сәбіз сатып алған. Сәбіздің бұл қоры қазір көтерме не бөлшек саудада сатылымда жоқ.
Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаеваның айтуынша, сақтаулы тұрған сәбіз наурыз, сәуір айларында нарыққа шығады. Сол уақытта өнімге ұсыныс азайып, сұраныс көбейіп, баға шарықтайды. Былтыр мұндай жағдай болған, сондықтан қорда жинақталған тауарларды интервенция жасап, базарға шығарамыз. Сол жерде ұсынысты реттейміз. Қоймасы заманауи, барлық талапқа сай болғандықтан сәбіз ұзақ мерзімде сақталады.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша мониторингтік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тиісті мамандардан бөлек 54 халықтық бақылау тобы құрылған.
«Әрбір тізбекте өндірушіден бастап тұтынушыға жеткенге дейін кәсіпкерлердің бәрі өзінің алған бағасына 15 пайыздан артық үстеме ақы қосуға болмайды. Түсіндірме жұмыстары барысында кәсіпкерлердің 70 пайызы аталған заңды білмейтіні анықталды. Сол себепті де әзірге түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр», - дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева.
Оның айтуынша, егер кәсіпкерлер заңға бағынбай, 15 пайыздан артық үстеме ақы қоятын болса, онда Сауда бойынша заңның 2-4 бабы бойынша 30 АЕК бойынша айыппұл салынады.
Сонымен қатар азық-түлік бағасына қатысты арыз-шағымды қабылдайтын Колл-орталық құрылды. Бұған дейін тұрғындардан баға тұрақсыздығына байланысты 17-ге жуық шағым түскен.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН