Әр адамның өмірі - өзгеше бір әлем, өзіндік бір тарих. Өмір барлығын да өзі өлшеп, әркімге лайықты орынды өзі таңдап береді. Сол секілді Мұңалбай ағаның да осы өлкеге келіп, түбектің мұнайлы тарихына өз үлесін қосуы кездейсоқ емес.
Мұңалбай Көптілеуовке кәрі түбек Маңғыстаудың кенорындары бес саусақтай таныс. Себебі ол аттай 45 жыл көлік тізгінін бермеген шопыр болды. Әр жылдары мұнда істеген адамдарды, мұнай өндірісінің бастауында тұрған марғасқа тұлғаларды жақсы біледі, көбімен қызметтес, аралас-құралас болды. Қай нысанның қалай салынғанын, оған кімдер қатысқанын, қандай қиындықтар болғаны да күні кешегідей көз алдында.
Мұңалбай Көптілеуов 1953 жылдың 14 қаңтарында Түркменстан Республикасы Шаржау облысында дүниеге келеді. 18 жасында тағдырдың айдауымен Өзенге табан тіреген балаң жігіт, келе салысымен еңбекке араласады. Бұл 1970 жылдар еді. 2 жыл Отан алдындағы борышын өтеп келіп, 1974 жылы Нәсіпқали Марабаев басқарған «Бұрғылау жұмыстарының Өзен басқармасы» деп аталатын мекемеге шопыр болып жұмысқа орналасады. Сайын даланың нары секілді КРАЗ көлігімен Маңғыстаудың ойы мен қырының бәрін аралайды.
- 1977-78 жылдары теңіз жағасында «Бұрғылаудың» 2 қабатты үйін салуға қажетті материалдар, ағаш, тас тасыдық. Кейін мекеме Үштаған жақта көлемі 700 метр мал бордақылайтын қора салды. Оған да жүк тасыдық. Ылғи үлкен мәшинелер айдадым. Водовозбен қондырғыларға су да тасыдым. Ол кезде мұндай асфальт деген атымен жоқ, шаңы бұрқыған қара жол. Қиын кезеңдер еді. Бірақ соған қарамастан еңбекке деген құлшынысымыз керемет еді. Ол кездегі басшылардың адамгершілігі де ерекше болатын. Бір Марабаевтың өзі бір мектеп еді. Ол кісінің жұмысшымен қарым- қатынасы, бір нәрсені үйретуі, оны санаға сіңіре білуі, қарапайымдылығы кез келген жанға өнеге. Одан өзге Ислам Бесбаев, Алдоңғар Сұлтанбеков, Ғалым Сәлімұлы деген бастықтарымыз болды. Сол кісілердің тәрбиесінде болдық, - дейді Мұңалбай аға.
Ардагер мұнайшы қазір зейнетте. 4 ұлынан тараған немерелерін қызықтап отырған асқар тау әке, бақытты ата. 3 бірдей баласы әке жолын қуған мұнайшы. Қазіргі таңда «Бұрғылау» мекемесінде қызмет етеді. Кешегі мұнайшы бүгінде өзіне мал шаруашылығын серік еткен жеке кәсіпкер.
Өзен мұнайының биік тұғырға көтерілуі - кешегі аңызақ жел өтінде, боранды, жауынды-шашынды күндерде, үскірік аязда, ми қайнатар аптап ыстықта жанқиярлықпен еңбек еткен Мұңалбай Көптілеуов сияқты талай мұнайшының арқасы екені сөзсіз. Осындай тұлғалар ұрпақтарына мақтаныш, жастарға үлгі-өнеге болатыны ақиқат.
Айжан НАСЫРОВА
Тағы оқыңыз: Ақтаудағы психоневрологиялық интернатта көңілді кеш өтті