Кеше Ақтау қаласы әкімінің халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Ғалымжан Ниязов 2017 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылып, нәтижемен таныстырды. Қаланың тыныс-тіршілігін, одан әрі дамуын қамтамасыз ету мақсатында тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, саралап, жұмыс жоспарын нақтылады.
Ғалымжан Ниязов қала басшылығына тағайындалған 2 ай ішінде 726-дан астам арыз-шағым түскен.
Бүгінде халықты толғандыратын басты мәселенің бірі – баспана. Қазір тұрғын-үй кезегінде 9329 адам тіркеуде тұр. Облыс бойынша олардың жалпы саны 17 мыңнан асады. Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінде 43 мың салымшы бар.
Биыл оларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін 1745 пәтер берілмек. Ал Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына 995 пәтер табысталады деген жоспар бар.
«Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасымен 2011 жылдан бері 2, 3, 3А шағын аудандарындағы көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қаланы көгалдандыру жұмыстарына өткен жылы 596,2 млн. теңге жұмсалса, биыл 957,4 млн, теңге қаржы бөлінген.
Қала аумағында автобус көлігі арқылы жолаушы тасымалдау бойынша 6 бағыт қызмет етеді. Олар барлығы 68 автобуспен қамтылған. Қазір №12 бағыттағы маршрутты ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, қала әкімі «Қауіпсіз аула» бағдарламасымен қоғамдық орындарда, аулаларда ірі сауда ойын-ауық отауларында, әуежай мен теміржол стансаларында 600 бейнебақылау орнату жоспарланып отырғанын жеткізді.
Қала бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға, соның ішінде білім саласына бөлінеді. Өткен жылғы қаржының 44 пайызы осы салаға жұмсалған. Қалада барлығы 25 мектептегі оқушы саны 34230. Ал мектептердің күші 28187 балаға арналған. Осыған байланысты бірнеше мектептің құрылысын жуық арада аяқтау жоспарланған.
«Қаладағы болып жатқан жағдайларға байланысты шұғыл әрекет ету үшін ақпан айының соңында WhatsApp желісінен чат ашпақпыз. Сонда сіздер арыз-шағымдарыңызды, талап-тілектеріңізді осы чат арқылы білдіре аласыздар. Бұл чатта қала әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме мен коммуналдық кәсіпорын басшылары енгізіледі. Оны біз SMART AKTAU деп атамақпыз», - деді Ғалымжан Ниязов.
2018 жылы билік пен халық арасындағы өзара әрекеттестік пен байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін әкімдіктің ресми сайтымен интеграцияланған мобильдік қосымшасын жасақтау жоспарлануда
Кездесуге келген 200-ден астам тұрғын әкім есебін тыңдаған соң, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, мәселелерін ортаға салды.
-Менің аты жөнім – Шалабайұлы Аманқос. Ақтау қаласы 11 шағын аудан, 7 үйінде тұрамын. Мен тұратын жерде аяқты үш үй бар (6,7,8). Соның 8-үйінде газ бар да, қалған екеуінде жоқ. Екі үйде қанша отбасы тұрады. Оған қоса астында ресторан, дүкендер бар. Олардың бәрі токты пайдаланып отыр. Ток сөнген жағдайда бәрі тоқтайды. Газ құбыры үйдің жанынан жүріп тұр. Тек үйге жүргізсе болды. 2016 жылы да бұл мәселені осындай кездесуде айтқанмын. Қаралады дегенмен, одан кейін хабар болған жоқ. Осы мәселені шешуді сұраймын, - деді қала тұрғыны.
-Бұл мәселе бұрын да айтылған. Негізінде 8-үй 1990 жылдары газдандырылған. Ал сіз айтқан 6,7 үйлер салынған кезде газдандыруға жоспарланбаған. Сондықтан газдандыру бойынша нормативке сай-сай еместігін, жоспарын қарау қажет. Мысалы, 4 көзді плита қою үшін ас үй көлемі 15 кубтан, 2 көзді плитаға 12 кубтан кем болмауы керек. Осы жағын жан-жақты қарау керек, - деді «КазТрансГазАймақ» өкілі.
Қала әкімі Ғалымжан Ниязов «КазТрансГазАймақ» өкілі мен орынбасары Жанкелді Әубәкіровке бұл мәселені 10-15 күн ішінде қарастырып, шешуді тапсырды.
https://youtu.be/oqe3Qjck4HkТура осындай жағдай 12, 22, 33 шағын аудандарда да бар екен. Сондықтан облыстық және қалалық депутаттар қала әкіміне аталған шағын аудандарды да қоса тексертуді ұсынды.
Қала басшысының есебін тыңдап, өтінішін айтуға келген Қоңырова Рысжанның да мәселесі – баспана екен. 14 жылдан бері үй кезегінде тұрған 9 баланың анасы үй мәселесін шешіп беруді сұрады. Зейнеткер қазір отбасындағы он адамның бір бөлмелі пәтерде тұрып жатқанын алға тартты. Оған әкім:
-Қазір 9329 адам үй кезегінде тұр, оның 579-ы жетім бала, 3068 адам әлеуметтік жағдайлары төмен жандар. Бес мыңнан астам адам мемлекеттік және бюджет қызметкерлері. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлер тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі және ипотекалық компания арқылы беріліп жатыр. Тегін берілетін 19 шағын ауданда 4 үй бар. Бүгінде оның үшеуіне тұрғындар қоныстанған. Соңғысының құрылысы аяқталмаған. Құрылысы біз оны бұрынғы қожайынынан қабылдап алып, мемлекеттен қаржы бөлінген соң аяқталады. Содан соң ғана беріледі, - деп жауап берді.
Сондай-ақ қаладағы 26 шағын ауданның тұрғыны өз ауданындағы тротуарларға жөндеу жұмыстарының қашан жүргізілетінін сұрады.
-Қаржы болған жағдайда міндетті түрде жасаймыз. Тек 26 емес, қаланың барлық шағын ауданының ішкі автомобиль жолдары мен тротуарлары жөндеуді талап етеді. Сондықтан оны шешудің түрлі жолын қарасытырып жатырмыз, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Берік Ізғалиев.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47298,47304,47302,47301,47300,47299"]