©
Маңғыстауға алыстан ат арылтып жетіп, арнайылап редакциямызға бас сұққан қонағымыздың аты-жөні – Карл Исабеков. Алпыс жеті жаста. Былайғы жұртшылыққа беймәлім болғанмен кино саласындағы мамандар үшін таныс адам. Ресейде, Германияда өз талантын танытып, біраз жетістіктерге жеткен журналист, кино маманы. Бірнеше жыл «Қазақфильмде» де жұмыс жасаған. «Көшпенділер» фильмінде негізі сақталған бастапқы киносценарийді жазған кісі. Қысқасы, ұлтыма қызмет етсем деген арман-мақсаты жолында тар жол, тайғақ кешуден өткен азамат екенін сұхбаттаса келе білдік.
Ол Астрахан жерінде туып-өскен қазақ. Дондағы Ростов қаласында мемлекеттік университеттің журналистика факультетін бітіріп, сондағы жастар газетінде, кейін Мәскеуде кәсіби қызмет істеп, қаламгерлік талантымен танылған. Одан беріде Томск қаласында киностудия ашып, түсірген 8 фильмінің бесеуі лауреат атанған. Сол қалада ұйымдастырған кинофестивалі 3 жылда халықаралық дәрежеге көтерілген. Алматыда кино саласында, журналистикада ізін қалдырған. «Ел» журналын шығаруға атсалысқан. Өзінің айтуынша, арамызда тамыр жайып, ұлтымызға кесірлі бизнесті өрістетпекші бөтен пиғылды топтың ісін әшкерелеп, елге әйгілеген әділ әрекеті үшін қарсыластары тарапынан бірнеше рет қастандық жасалып, уақытша жан сақтау үшін Германияға кетуге мәжбүр болған жан. Ол жақта өткізген он шақты жылдың ішінде орыстілді басылымдарда қызмет жасаған, кинофильмдер түсірген. Жастар қылмысына қатысты «Автоугонщик» деген фильмі арнайы жүлдеге ие болыпты.
- Ақтаудан облыстық шағын бюджетті балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер түсіретін кәсіби киностудия ашсам деген мақсатпен келдім. Сондай-ақ келешекте мәртебесін халықаралық деңгейге дейін көтеру мақсатымен кинофестивальдер ұйымдастыру және көркем әдебиет оқуды насихаттау бойынша буктрейлерлердің өңірлік фестивалін құру туралы облыс басшылығына нақты ұсыныстарым бар. Бірақ, облыс әкімінің қабылдауына кіру оңай шаруа емес екен, - деп Маңғыстауға келісінің мән-жайынан хабардар етті ол. Әкімдіктегілер «облыс басшысының өзі болмаса оның орынбасары қабылдайды, қашан екенін өзіміз қосымша хабарлаймыз» деп уәде беріп шығарып салған. Содан елеңдеп жауап күтулі. Жақын күндерде бірігіп кинотуынды жасау бойынша жоба жұмыстарымен Түркияға жүрмекші екенін білдік.
- Егер, ұсынысым қолдау тауып, болашақ киностудиямыз бен оның техникалық жарақтары орналасатын ғимарат бөлінсе, кино жасау, кинорежиссер, кинооперато, киноактер, монтажер ретінде өз қабілеттерін сынап көрмекші балалар мен мен жасөспірімдерді, басқа да осы кәсіпті өрістеткісі келетін адамдарды оқытуды жолға қояр едім. Сонымен қатар тәлім-тәрбиелік мәні зор қысқа балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдер жасап, онда өзімізде дайындықтан өткен шәкірттерді тәжірибеден өткізу, талаптарын таныту, шеберлігін шыңдауға болар еді. Жұмысты бастауға қажет техникалар мен киносценарийлер бар, - дейді Карл Исабеков.
Ойлап қарасақ, көктен іздегеніміз жерден табылып, біздің өлкеде әлі дами қоймаған саланың кәсіби маманы өз аяғымен алдымызға келіп тұр. Онда неге пайдаланбасқа? Облыс басшылары мен мәдениет саласына жетекшілік ететін азаматтар бұл жайдан хабардар болсын, мүмкіндікті жіберіп алмасын деген ниетпен айтып отырмыз. Көпті көрген азаматтың басқа да игілікті идеялары мен жоба-жоспарлары баршылық.
Мұрат ҚУАНЫШҰЛЫ
Басты сурет zebrafilm.ru алынды