©
Жаңаөзеннің қарашаңырағы Қызылсай ауылының әкімі Бақытжан Ізжановтың тұрғындар алдында сөйлеген сөзі мен бір жыл бойы жасалған жұмыстары жайлы есеп берген жиынының қортындысынан ұққанымыз осы. Бүгінгі таңда аталмыш ауылда жалпы 39 көшедегі 1536 тұрғын үйде 6 667 адам тұрады. Өткен бір жыл ішінде солардың 92-сі ауыл әкімінің қабылдануында болған. Жер, жұмыс және тұрғын үй тағы басқа мәселелер бойынша 324 арыз жазба түрде түскен. Ауыл әкімінің айтуына қарағанда шама-шарқынша көтерілген мәселелер бойынша түсінік жұмыстары жүргізіліп, қойылған сұрақтар мен келіп түскен арыздарға белгіленген заң талаптарына сәйкес, уақытылы тиісті жауаптар берілген көрінеді.
Сондай-ақ Б.Ізжанов мырза ауыл халқын жұмыспен қамту, ветеринария саласы, мектеп, балабақша, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, қоғамдық қауіпсіздік, тазалық, көше жарықтарын, газбен, ауызсумен қамтамасыз ету бойынша жасалған жұмыстар мен атқарылған істерді жіпке тізгендей етіп, мөлдіретіп айтып берді. Сол сияқты бітуі биылғы жылдың үлесіне қалған істерді де жиналған жұртшылықтың жадына салуды ұмытпады.
Қанша айтқанмен ауылдың аты – ауыл. Оның бүкіл болмысы мен тыныс-тіршілігі қаламен тығыз байланысты. Атқарылатын істер, кезек күтіп тұрған мәселелер қаласыз шешілуі мүмкін емес. Сол үшін мінберге көтерілген қала әкімі Әділбек Дауылбаевты ауыл халқы ыстық ықыласпен қарсы алды. Сондықтан ол жиналған халыққа қалада болып жатқан соңғы жаңалықтар туралы ақпарат берді. Жаңаөзен қаласына қарасты үш ауылды да бірінен-бірін бөле жармай, олардағы ұнамды істерді айта келіп, кездесіп жатқан кейбір мәселелер мен олардың шешілу жолдарын тілге тиек етті. Ішінара шешілуі күрделілеу қиын түйіндерді қарау мәселесін есепті жиынға қатысып отырған тиісті мекеме басшыларына арнайы тапсырумен болды. Сонда да Қызылсай халқына тиісті тұстарға көбірек тоқталды.
- 2017 жылы ақпан айында өткен қала әкімінің есепті кездесулерінің барысында тұрғындардан түскен ұсыныс, пікірлер бірыңғай топтастырылған. Соның ішінен ең маңызды 17 мәселе іріктеліп алынған, - деді Әділбек Құлынтайұлы. – Солардың арасында Қызылсай ауылы бойынша 3 ұсыныс, пікір түсіп толық қанағаттандырылған. Атап айтқанда, бірінші медициналық қалдықтарды жою пешін көшіру мәселесі болған. Соның нәтижесінде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу комбинаты қаланың сыртына көшірілген. Екінші, жол белгілерін жаңарту бойынша. Соған байланысты екі жол кедергісі орнатылды. Олар ауылдық дәрігерлік амбулатория мен «Оңтүстік ауылға» орнатылған. Сонымен қатар 9 жол белгісі орнатылып, бір жол белгісі ауыстырылған. Үшінші, санитарлық тазалау және көгалдандыру мәселесі бойынша. Ауылдың тазалығына 14,5 миллион теңге, көгалдандыруға 5,5 миллион теңге бөлініп, игерілген. Бұл тазалық, көгалдандыру жұмыстары күнделікті күн тәртібінен түспейтін мәселе. Сондықтан биылғы жылдың бюджетін қорғау кезінде бұл жұмыстарды қамтып отырмыз.
Сондай-ақ қала басшысы барлық салалар бойынша көрсеткіштерді саралап, сараптап шықты. Мысалы, қала бойынша өнеркәсіп өндіру 155,5 миллиард теңгеге жеткен. Ол 2016 жылы 120,3 миллиард теңге болған. Нақты көлем индексі 117,4 пайызға өскен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 30,2 миллиард теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 39,1 пайызға өскен. Аталмыш көрсеткіш 2016 жылы 20,6 миллиард теңге болған.
Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 24,2 миллиард теңге болды. Бұл өткен жылдың деңгейіне қарағанда 11,3 пайызға артық екенін аңғартады. Іске түскен тұрғын үйлердің жалпы ауданы 109,4 мың шаршы метрді құраған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға өскенін дәлелдейді.
Өткен жылы қала бойынша 8113 кәсіпкерлік нысан субъектісі тіркелген. Оның ішінде заңды тұлғалар 1369, жеке кәсіпкерлер 6444.
Қала әкімі «Нұр капитал» бағдарламасы, мемлекеттік салық түсімдері, ауылшаруашылығы саласы, тұрғын үй кезегі, жұмыссыздықты азайту, тағы басқа көптеген мәселелер бойынша салыстырмалы түрде нақты мысалдармен әңгімеледі.
Ауыл әкімі мен қала әкімінің баяндамалары аяқталғасын тұрғындардың ұсыныс, пікірлерін тыңдау басталды. Ұсыныс, пікір деген бізге жәй ғана ауызша сипалап айту сияқты көрінді. Анығынақ айтқанда, ауыл халқы сұрақтарды қарша боратты. Бақытжан Ізжанов елеусіз қалғандай болды. Жұрттың бәрі сұрақты жазбаша беруден бас тартып, түйткілді мәселелерінің жауабын Жаңаөзен қаласының жаңа әкімінің аузынан көзбе-көз, тікелей естуге тырысты. Тіпті кей тұста бірінің берген сұрағын екіншісі, екіншісі көтерген проблемаларды үшіншілері қайталап жатқан сәттері де аз болмады. Жалпы сұрақтарының негізгі дені – күнделікті өмірде жиі кездесетін проблемалар. Мысалы, ауылға газ тарту мәселесіндегі кейбір олқылықтар, «Жедел жәрдем» стансасының жайбасарлығы туралы айтып, газ, тоқ, ауызсу сияқты күнделікті тіршілікке ауадай қажет дүниелердің жекешелендіріліп кетпеуін тілейтін алаңдаушылықтарын да білдірді. Тіпті біреулері Қарағия ауданының Қызылсаймен іргелес Бостан ауылын Жаңаөзенге қосу мәселесін де көтерді. Оның тиімді, тиімсіз жақтарын ақылдасып-мақұлдасып көру керек сияқты. Әрине, ол ауыл, қала көлемінде шешілмейтін мәселе екендігі де белгілі.
Жалғас Қаржаубаев, «Оңтүстік ауыл» тұрғыны:
- 25 қарашадағы қайғылы оқиғадан кейін біздің жақта жолаушылар тасымалдау қызметі күрт нашарлап кетті. Маршруттағы Газель «Оңтүстік ауылына» қарай ат ізін салмайтын болды. Қалаға қатынап жұмыс істейтіндер бар, студент балдарымыз бар. Әсіресе, соларға қиын болып тұр. Бұрынғыдай ортаға адам алмайды. Он бес адамға бір-екі аялдамадан-ақ Газель толады. Толғасын қалаға қарай бұрылып жүре береді. Сол үшін автокөліктердің санын көбейтіп, біріне-бірін қарама-қарсы бағытта жүргізуге болмай ма?
Жолаушыларды тасымалдаушы №9 маршруттың иесі Қабиболла Ноғаевқа белгіленген кестені дұрыстау тапсырылды. Оны қадағалау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы М.Көккөзовке міндеттелді.
Сәлима Қалиева, көп балалы ана:
- Ауылдың ортасында ескі аурухананың орны бар. Ішінде бүгінгі таңда жоқ емес зат жоқ. Бұралқы иттер де сол жерді мекендейді. Оқушылар осы күндері мектептен қас қарайғанда келеді. Сол ескі аурухана тұсынан үрейленіп, қорқып әрең өтеді. Қажет болмаса, ол ғимаратты құлатып тастағанда қайтеді? Әлде жеке кәсіпкерлердің біреуіне неге бермеске? Орнына ел игілігіне қажетті заманауи нысан салсын.
Бұл ғимарат ауыл әкімдігінің балансында екен. Ғимаратты аукционға шығарып сату мәселесімен, яғни құжаттастыру істерімен қалалық қаржы бөлімі шұғылданып жатқан көрінеді.
Гүлнәр Иманбаева, «Жаңа құрылыс» ауылының тұрғыны:
- «Жаңа құрылыс» ауылының жолдарына кедергілер жасалып, бағдаршам қойылуы керек. Әйтпесе, ерсілі-қарсылы зуылдап жүріп жатқан автокөліктер адам өміріне, әсіресе бала-шағаларға қауіп төндіруде.
Қала әкіміне бұдан да басқа баспана, жұмыс орыны, ауыл ішілік мәселелер бойынша көптеген сұрақтар түсті. Оларға Әділбек Құлынтайұлы Темір бабада, Дарияда, Үстіртте, тіпті осы жердің өзінде де шегарашылар заставалары бар. Соларға осы күндері 30 жасқа дейінгі, әскер қатарында болған азаматтарды жұмысқа қабылдап жатқанын айтты. Оған жұмысқа орналасқан азаматтарға жақсы жалақы, баспана беріп, басқа да жеңілдіктердің қарастырылғанын естеріне салды. Сосын жолаушылар тасымалы бойынша, бұрын хабарланып келісілгендей, Жаңаөзенге тиесілі 50 электробустың алғашқы біреуі бүгін-ертең қалаға келетінін мәлімдеп, жиналған жұртты бір қуантып тастады. «Төрт-бес күннен кейін екіншісі жетеді. Олардың электрмен қуаттандырғыштарын орнатып болғанша электробустар кезең-кезеңімен келе береді» деді.
Сөйтіп жиын соңында ауыл ардагерлері, қала әкіміне раизашылықтарын білдіріп, Қызылсай ауылы әкімінің есепті дәуір ішінде істеген жұмыстарына қанағаттандырарлы деген бағаларын берді.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Жаңаөзен қаласы