«Қыз еркем – кестесімен көркем». Бұл тіркес оған арнап айтылғандай. Қаршадайынан қолына ине ұстап өскен ару бүгінде қабілетін шыңдап, оны сүйікті ісіне айналдырған. Ана сүтімен, тәлімімен, қолдауымен жетілген өнер бүгінде баршаның игіліне жарап отыр. Оның есімін білетін, еңбегін бағалайтын, туындыларына сүйсінетін жұрттың қарасы да күн санап артып келеді. Себебі оның өзі айтқандай, еңбек еткен адамға Алла бәрін береді. Әңгіме өңірімізге, елімізге белгілі дизайнер Медина Сақтағанова жайлы. Енді оның өз әңгімесіне назар салайық. - Қайырлы күн, Медина. Алдымен оқырмандарымызға отбасыңыз, өскен ортаңыз жайлы айта кетсеңіз. - Сәлеметсіз бе. Мен Жаңаөзен қаласында дүниеге келдім. Отбасының тұңғышымын. Екі сіңлім және інім бар. Кішкентай кезімде мектепте өткен шаралардың, спорттық сайыстардың барлығына қатысатынмын. Өте белсенді бала болдым. Кейін Ақтау қаласына көшіп келдік. Сол тұстарда осы дизайн саласына қызыға бастадым. Анам жас кезінен тігінмен айналысқан. Мен де бала күнімнен жанында көмектесіп жүретінмін. Кезінде зер оюлар болды ғой. Соларды желімдеп, матаға жапсырып, қиятынмын. Сондай ортада өскесін болар, тігін тігуге, дизайн жасауға құмар болдым. - Бала кезгі қызығушылық осындай танымал ателье деңгейіне қалай жетті? - Тігіншіліктен бұрын сурет салғанды ұнататынмын. Арнайы үйірмеге қатысып, сабақ алмасам да, жаным соған жақын. Мектепте жүргенімде техникалық пәндерге қызықтым да, ауызша сабақтарда үнемі сурет салып отыратынмын (күліп). Бірақ олар кәсіби деңгейде емес еді, сондықтан дәл қазір қатысып, сабақ алып жүрмін. Алғашқы мамандығым – қаржыгер. Себебі дизайнерлік мамандықтың шығармашылық емтиханына кешігіп қалдық. Сөйтіп қаржыгер мамандығын оқуыма тура келді. Оқып жүрген кезімде жұмыспен Ақтауға жиі келіп тұрдым. Ондайда ұстаздарыма: «Мен болашақта дизайнер боламын. Сіздерге уәде беремін, сабақтан босатыңызшы» деп сұранып кететінмін. Ол кісілер қазір «Саған сендік, қолыңнан келетінін білдік» деп жазып, қолдауларын білдіріп жатады. - Яғни сіз ательеңізді студент кезіңізде аштыңыз ғой? - Жоқ, 2015 жылы оқу бітірген соң екі айдан кейін аштым. - Дизайнерлік салада білім алдыңыз ба? - Екінші жоғары білімім – дизайнерлік өнер. Өткен жылы қолыма дипломымды алдым. Алғашқыда түсе алмаған соң, бұл жолы мүмкіндігімді жібермеуге тырыстым. Уақытты да жоғалтпайын дедім. - Киім тігуге қажетті заттардың бәрі өздеріңізден бе, әлде тұтынушыларыңыз әкелген матаны да қабылдайсыздар ма? - Жаңа маталарды анам 2-3 ай сайын Дубайдан алып келеді. Біз тұтынушылардан мата алмаймыз, барлығы өзімізден. Кейде клиенттеріміз «Медина, мен тапсырыс беремін, ақшасын төлеймін. Сіздің талғамыңызға сенемін. Өзіңіз бірнәрсе істеңізші» дейді. Маған сондай кісілермен жұмыс істеген ұнайды (күліп). Олар біздің коллекцияны, үлгілерімізді ұнататын шығар. Сондықтан солай айтады деп ойлаймын. Осылай саған сенім білдіргенде, жұмысқа деген құлшынысың артады, одан сайын жұмыс істегің келеді. Көйлекті киіп қуанғанын көргенде, сен одан екі есе қуанасың. Ателье ашылған уақытта клиенттерден мата алған жағдайлар болды. Себебі жаңадан ашылып жатырмыз, мата да біраз қаржыны талап етеді. Бәрін бірдей қамтамасыз етуге мүмкіндігім болған жоқ. Сол себепті кей тұтынушылар матасын алып келгенде қабылдай бердім. Дегенмен оның қиын тұстары да бар. Ол мата тігуге, клиенттің айтқан үлгісіне сәйкес келмеуі мүмкін. Нәтижесінде сын бізге келеді. Сондықтан қазір барлығын өзіміз ұсынамыз. Оған тұтынушылар да үйренді. - Материалдарды қайдан әкелесіздер? - Әзірше Дубайдан әкеліп жүрміз. Болашақта Италиядан әкелмек ойымыз бар. Білесіз, ол жақтың маталары өте керемет. Бірақ бағасы да соған сай. - Өзге қалалардан дүкендеріңізді ашқыңыз келмей ме? - Әзірше цех Ақтау қаласында. Астанада Hanum Collection деген дүкен бар. Сонда бірнеше қазақстандық дизайнерлердің өнімдерін табуға болады. Соның бірі – біз. Бірақ жиі-жиі жаңартып отыруға үлгермей жатамыз. Болашақта командамыз көбейген жағдайда үлгеруге болады. - Сән апталықтарынан, сән әлеміне қатысты шаралардан сізді көре аламыз ба? - Қатысқымыз келеді. Біз қазір тапсырыспен, сатылыммен шектеліп отырмыз. Өйткені коллекция тігуге уақыт қажет. Алдағы уақытта қатысамыз деген үміттемін. Ол менің арманымның бірі. Қатысқан жағдайда жай ғана киімді көрсетіп кету емес, менің киімім барлығына ұнайтындай болғанын қалаймын. Сонымен қатар, онда ұлттық киімдерден гөрі заманауи үлгілер қабылданады ғой. Ол үшін өте көп іздену, идея және жаңа айтып кеткенімдей, уақыт керек. Менің оқырмандарым байқаған болар, бізде ұлттық киімдер шығып бастап жатыр. Оған себеп болған – анамның менің жаныма келгені. Бұған дейін өзім жасадым ғой. Қазір анам келіп қолдауын көрсетіп жатыр. - Қазіргі таңда тігінші, дизайнерлер қатары біршама. Ақтаудың өзінде бірнешеуі бар. Өнімдері бірінен-бірі өтеді. Сіздің ателье олардан несімен ерекшеленеді? - Менің ойымша, кез келген дизайнердің өзіндік көзқарасы болады. Мен минимализмді жақсы көремін. Түрлі-түсті киімді көп кие алмаймын, жаным біртегіс түстерге жақын. Сонымен қатар оюлардың тым көп, қатты көз шағылыстырар болғанын қаламаймын. Әр ательенің, дизайнердің тапсырыс беретін ортасы, тұтынушылары болады деп ойлаймын. Мен де өзімдікін тауып, қалыптастырып жатырмын. Құдайға шүкір! Біздің өнімдеріміз өзгелерден нәзіктігімен ерекшеленетін шығар. - Тұтынушыларыңыз қай өңірлерден? - Соңғы уақытта Астана, Алматы, Атырау қалаларынан жиі тапсырыс түсіп жүр. Жалпы Алматы, Астана қалаларында ұлттық нақыштағы киімдерге деген көзқарас басқалау деп ойлайтынмын. Бірақ ол жақтарда да салт-дәстүрді берік ұстанған, қазақи дүниелерді әлі де сақтап келе жатқан жандар бар екен. - Қандай дизайнерлермен жұмыс істегіңіз келеді? Қазақстандық немесе шетелдік. - Ресей дизайнерлерінің жұмыстарын ұнатамын. Мүмкіндік болып жатса, Игорь Гуляев, Уляна Сергеенко, Александар Тереховпен жұмыс істегім келеді. - Тігінші болмағанда кім болар едіңіз? - Бәрібір осы саладан алшақ кетпеймін деп ойлаймын. Интерьер дизайнері болар едім. Болашақта осы ісім алға басып, жақсы дамып жатса, оны да қосымша жасауға болады. Себебі безендіру жұмыстарын жақсы көремін. Оған адамның ішкі қалауы болса жеткілікті. - Бір көйлекті тапсырыс беруші қанша уақыт күтеді? - Бұрын бір ай күтетін. Қазір бір апта ішінде аяқтап бере аламыз. - Жұмысты дамыту үшін не жалықпас үшін күшті, мотивацияны қайдан аласыз? Бастаған іске деген тұрақтылық болу үшін не істеу қажет? - Ең бірінші мотиваторым – анам. Кез келген салада, кез келген маманда құбылмалы сезім болып тұрады. Ол заңдылық. Оның үстіне шығармашылық адамында. Өйткені олар қиялшыл келеді. Ішкі көңіл күйін, сезімін кез келген жағдайда білдіреді. Кейде идея тым көп келсе, кейде мүлде болмай қалады. Сондайда анам ынталандыратын сөздерін айтып, ұрсатын жерінде ұрсып, қолдау қажет жерінде қолдап отырады. Онсыз болмайды деп ойлаймын. Әлі жаспыз. Өзімді ешкімнен жоғары санамаймын. Ізденуден, оқудан, жаңа нәрсені үйренуден шаршамаймын. - Кейде идея болмай қалады дейсіз. Ондайда не істейсіз? - Негізінде мен саяхаттағанды ұнатамын. Себебі ол шабыттандырады. Бірақ соңғы уақыттарда оған мүмкіндік болмай жүр. Сонымен қатар адам шабытты айналадағы құбылыстардан, оқиғалардан, немесе біреумен тілдесу арқылы да алуы мүмкін. Ішкі жан дүниесі жылуға, қуанышқа толы жанмен сөйлескен де өте жақсы әсер етеді. Одан бөлек фильм көріп, әуен тыңдаған да көмектеседі. Әрқайсысынан бір үзіктен алып, өзіңе образ қалыптастырасың. - Жұмыстан тыс уақытыңызды неге арнайсыз? - Қазір фитнеске барамын. Өзіме қатты ұнайды. Йогаға, тенниске қатысамын. Уақыт табылып жатса, пионинио аспабын үйренгім келеді және ағылшын тілін жетік меңгеру ойда бар. - Біздің оқырмандарымызға тілегіңіз, айтарыңыз болса... - Денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт тілеймін. Барлық адам ойлаған армандарына сүйрінбей жетсін деймін. Ол үшін, әрине еңбек ету қажет. Кез келген еңбектің түбінде үлкен нәтиже, үлкен жол күтіп тұрады. Оған қаншама рет көз жеткіздім. Еңбек еткен жанға Алла бәрін береді. Сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Фотолар М.Сақтағанованың архивінен
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47176,47172,47171,47169,47168,47167,47166,47165"]