©
Жуырда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасының Жолдауы бүгінде қоғамда қызу талқылануда. Ел болашағына серпін болар маңызды құжат көрші Ресей елінің Астрахань сарапшыларын да бей-жай қалдырмады.
Каспий маңы елдеріндегі саясат, экономика, мәдениет, спорт, журналистика және тағы басқа сала майталмандарының басын қосқан «Каспий сарапшылар клубы» 12-ші отырысын Ақтау қаласында өткізді. Көпшіліктің көкейін тескен өзекті мәселелерді көтеріп, егжей-тегжейлі қарастыратын клуб мүшелері Қазақстан Президентінің кезекті халыққа Жолдауын талқылады.
12-ші отырыс – халықаралық дөңгелек үстелге Астрахань облысынан арнайы ат сабылтып келген сарапшылары қатысты: «Каспий-Евразия» халықаралық және қоғамдық-саяси зерттеулер орталығының басшысы Андрей Сызранов, Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталықтың директоры Амангелді Абулғазиев, «Астрахань 24» телеканалының бас редакторы, саяси шолушы Александр Васильев, Астрахань облысының халықаралық және ішкі экономикалық байланыс Министрлігі, ТМД елдері мен Ресей аймақтары бөлімінің аймақаралық әріптестік сектор жетекшісі Нұрбек Шаймақов. Ресей тарапынан бөлек Жолдау талқылауға жергілікті БАҚ өкілдері, мәдениет қызметкерлері, қоғамдық бірлестік өкілдері де атсалысты.
Алғашқы сөз тізгінін алған Андрей Сызранов Қазақстан Президентінің Жолдауы мемлекеттің дамуына, халықтың тұрмысын көтеруге ерекше әсер етіп, елдің жарқын болашаққа қадам басуына леп қосатынын жеткізді. Ал ресейлік журналист Александр Васильев Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір Жолдауы үлкен қызығушылық тудыратынын атап өтті.
-Қазақстан Президентінің сұңғыла саясаткер екеніне дау жоқ. Оның сындарлы саясаты арқасында мемлекет тез еңсесін тіктеп, тұрақты дамуға көшті. Менің таңғалғаным, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының әрбір Жолдауы өте тиянақты, жан-жақты жазылады. Әрбір сөйлеміне сөзсіз сенесің, келешекті көрегенділікпен көре алуына таң-тамаша боласың. Жолдау – халықтың ұлттық құндылықтарын, әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық және тағы басқа салалар бойынша институттардың қалыптасуына септесер құрал. Қазақстан Президенті де Жолдау арқылы халқына орамды ой, екпінді үн тастап, алдағы 20-30 жылда үлкен мақсаттар, міндеттер қоя білген. Және менің байқағаным, бұл Жолдау тек мемлекеттің өзіне ғана емес, бүкіл әлемге де бағытталған сынды. Жолдау жариялау арқылы Президент әлемде толассыз жүріп жатқан жаһандану үрдісінің бір бөлшегі болуға дайындығын меңзейтін көрінеді. Сондай-ақ елдің ішіндегі көп тілділікке байланысты пікірімді қоссам. Менің ойымша, Қазақстан азаматын үш тілді жетік меңгеруге шақыру - дұрыс саясат. Себебі, көп тілді білу әлемде қалыпты жағдай. Ондай тәжірибе Еуропаның елдерінде көп кездеседі. Оларға үш тіл емес, бес-алты тіл білу таңсық жайт емес. Ағылшын тілін енгізу – қажетті, міндетті! Бұл елдің біртұтастылығына қауіп төндірмейді. Ағылшын тілі – әлем тілі. Оны білмеген, игермеген адам әлеммен байланыса алмайды. Президенттің осы мәселеге көз жұма қарамай, халқының білімді, бәсекеге қабілетті, ойлы болуын қалағаны, сүйсінетіндей әрекет,-дейді А.Васильев.
Астрахань мен Маңғыстау сарапшылары Жолдау туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, жан-жақты талқылады. Отырыс соңында екі елдің қарым-қатынасын нығайтуды көздеген Астрахань облысының сарапшылары Маңғыстау облысының экономика, әлеумет, мәдениет сынды салалары бойынша тәжірибе алмасуға ниетті екенін жеткізді.
Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47185,47184,47186"]