Қазақстан құрамасы биылғы жылдың басты додасы Олимпиадаға спорттың 9 түрінен 49 жолдама ұтып алды. Алдағы уақытта оның қатары көбеймек. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов Алматыда өткен Олимпиадашыларды арнайы шығарып салу рәсімінде мәлімдеді.
Спортшыларымыз байрақты бәсекеге қызу дайындық үстінде болса, жанкүйерлері тақымын қысып, қолдауға әзір отыр.
Биыл 23-рет өткелі отырған Олимпиада ойындарының астанасы – Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласы. Оған 95 ел қатысады. Спорттың 15 түрі бойынша 102 медаль жиынтығы сарапқа түседі. Төрт жылдықтың басты бәсекесі бұдан бұрын Ресейдің Сочи қаласында өтті.
Олимпиада символы – кәрістер үшін киелі саналатын Сухоран жолбарысы. Ақ түсті жолбарыс спортшыларға сәттілік әкеледі деген сенімдеміз.
Қысқы Олимпиадада ел намысын қорғап, бас жүлде алған спортшы 250 мың АҚШ долларын, екінші сатыға тұрақтағандар 150 мың, ал қоланы қанжығалағандар 75 мың АҚШ долларын иеленеді.
Естеріңізге сала кетейік, қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында өтеді. Дүбірлі дода 15 күннен соң басталады.
#Пхенчхан2018 #Олимпиада2018 #WinterOlimpicgames
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА