©
2017 жылы Маңғыстау облысының ІІД Экстремизмге қарсы күрес басқармасы интернетте әлеуметтік желілерде діни алауыздықты тудыруға бағытталған экстремистік сипаттағы материалдар таратқан Ақтау қаласының екі тұрғынын ұстады.
«Қазіргі уақытта бұл адамдарға қатысты қылмыстық істер сотқа жіберілді. Олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп хабарлады аталған басқарма.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен және прокуратурамен бірлесе отырып экстремистік сипаттағы әдебиеттерді заңсыз таратудың 1 фактісін анықтап, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453 бабы бойынша 45 300 теңге (20 АЕК) айыппұл салған.
Маңғыстауда былтыр 12 заңсыз медициналық қызмет анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 424 бабының 1-бөлігіне сай 5 адамға 56 725 (5 АЕК) теңге көлемінде айыппұл салынған.
Бүгінде ішкі істер органдары әртүрлі деструктивті діни ағымдар мен аймақтағы діни ахуалды үнемі қадағалап отырады. Соның арқасында былтыр дәстүрлі емес діни ағымдар өкілдерінің тарапынан жасалған 50-ден астам қылмыстық фактіні анықтаған.
«Олар адам ұрлау, кісі өлімі, есірткі заттарын сату және т.б. ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған. Осы арқылы дін атын жамылған азаматтардың теріс пиғылын ұғынуға болады», - деп хабарлады аталған басқарма.