©
Келмеске кеткен кеңес заманында өнеге аларлық жақсы дәстүрлер аз болған жоқ. Ел басқарған басшылардың қарапайымдылығы, жұмысшылар мен малшылардың жағдайын назардан тыс қалдырмай, олардың арасына жиі барып, кем-кетігіне көмектесуі жан сүйсінтетін.
Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың аудандарды аралаған кезінде ауылдар мен елді мекендер тұрғындарымен, нәсібін өз кәсібінен тапқысы келген ауыл адамдарымен кездесіп, олардың жағдайымен танысып, барынша жәрдем беруін ұмытылып бара жатқан осынау игілікті үрдістің жаңғыруына ұқсаттық.
Маңғыстау ауданында
Жыл басында Мұнайлы ауданы мен ондағы ауылдарды аралаған өңір басшысының жұмыс сапары Маңғыстау ауданында жалғасты. Ералы Тоғжанов Қызан ауылындағы 50 орындық дәрігерлік амбулаторияның, Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп пен 80 орындық «Балауса» балабақшасының, 50 орындық спорт кешені сынды бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты.
Бүгінде Қызан ауылында халық саны 2052 адамға жетті. Ауылда 20 шаруа қожалығы, 7 кәсіпорын мен мемлекеттік мекеме жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар мұнда 1 мектеп, 1 балабақша, 1 мәдениет үйі, 1 кітапхана, 1 жабық спорт кешені мен 1 спорт зал бар. Елді мекен газбен және телефон байланысымен толық қамтылған. Қызан—мал шаруашылығы жақсы дамып келе жатқан ауылдардың бірі. Өткен жылы шаруа қожалықтары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на 90 тонна ет тапсырды. Биыл 60 тонна түйе етін, 12 тонна жылқы етін, 20 тонна қой етін жеткізу туралы екі жақты меморандумға отыру жоспарлануда. Сондықтан облыс әкімі Ералы Тоғжановтың негізгі сұрақтары мал өсіруді дамыту мен жем-шөп жеткізуге байланысты болды.
- Бірнеше қожалықтың басын біріктіріп, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жұмыстарын жандандыруға болады. Қызан ауылында мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар. Қазір облыс бойынша ауыл шаруашылығын дамытатын үлкен жобалар қолға алынуда. Соның ішінде мал шаруашылығы осы Маңғыстау ауданымен тікелей байланысты деп ойлаймын. Ауыл шаруашылық басқармасымен бірлесе отырып, малға қажетті жем-шөп пен мал өнімдеріне байланысты бірқатар жайттарды қолға алуды тапсырамын, - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Облыс әкімінің алдында көтерілген тағы бір мәселе – тұрмыстық қажеттіліктерге арналған су мен ауыз судың тапшылығы. Бұл аймақта су көзі тереңде орналасқан. Сонымен қатар барлық қазылған құдықтардағы су ішуге жарамсыз. Қызан ауылының тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлуді сұрады. Облыс әкімі жауапты органдарға ауыл тұрғындарының барлық ұсынысын қарауды және олардың шешу жолдарын баяндауды тапсырды.
Аймақ басшысы 1467 тұрғыны бар Ақшымырау ауылын аралады. Ауылда 22 шаруа қожалығы бар. Елді мекен төрт түлікпен қатар құс өсірумен де айналысады. Тіркелген ауыл шаруашылық техникаларының саны – 15. Ералы Тоғжанов Ә.Тобанияз атындағы орта мектептің, «Айгөлек» балабақшасының, «Қаралда Балуан» атындағы спорт кешенінің, Ақшымырау ауылдық мәдениет үйінің жұмыстарымен танысты. Облыс әкімі спортты дамытуға, ауыл жастарын спортқа баулуға ден қоюды тапсырды. Аймақ басшысымен кездескен ауыл тұрғындары шаруашылықтардың арасындағы байланыстың сирек екенін алға тарта отырып, кооперативтер құру туралы ұсыныс айтты.
- Тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер мен қойылған сұрақтар ескерусіз қалмайды, - деді ол. - Солардың бірі – ет бағасының қымбаттауы. Осыған байланысты арнайы коммуналды нарық құру туралы тапсырма бердім. Соның нәтижесінде алдағы уақытта базарға етті араға делдал салмай, тікелей тапсыру жүйесі пайда болады.
Сондай-ақ әкім Тобықты жеріндегі Бекет Ата жер асты мешітіне барып, одан соң Шебір ауылына ат басын тіреді. Шебірде 1434 адам тұрады. Бұл жерде 16 шаруа қожалығы, 1 орта мектеп, 1 мектеп-интернаты және 1 балабақша бар.
«Шебір» ауылдық амбулаториясының жұмысымен танысқан облыс басшысы ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді тапсырды. Амбулатория тәулігіне 40 адамға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ Ералы Лұқпанұлы 150 орындық ауыл клубы мен спорт кешеніне барды. Ол Шебір ауылының әлеуметтік-экономикалық жай-күйімен танысып, облыс әкімі ауылға қажетті мамандарды тартуды және оларға қолдау көрсету керектігін атап өтті. Шебір ауылында қажетті мамандарға арналған тұрғын үй наурыз айында аяқталады деп күтілуде.
Ауылдағы ең өзекті мәселе – ауыз су тапшылығы. Аудан бойынша 2017 жылы 7 құдық қазылған. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Шебір ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін әлі де толық қарастыру қажет екенін ескертті.
Әкім барған келесі ауыл — Тұщықұдық. Ауыл тұрғындарының саны – 2 351. Мұнда 34 шаруа қожалығы, 1 орта мектеп, 1 балабақша жұмыс істеп тұр. Қияқты елді мекенінен басқасы газбен қамтылған. Аймақ басшысы С.Жаңғабылов атындағы орта мектепке, 83 орындық «Нұрай» балабақшасына, 220 орындық мәдениет үйіне барды.
- Осы уақытқа дейін Маңғыстау ауданына 100-ге жуық хаттамалық тапсырма бердіңіз. Оның басым көпшілігі орындалуда. Атап айтсақ, ауылішілік және ауыларалық жолдарға байланысты жұмыстар басталып кетті. Соның бірі Қияқты-Тұщықұдық жолын асфальттау еді. Ол да жүзеге асуда. Егер жолдардың құрылысы толық аяқталса, ауыл аралық жолдар қатынасы жақсарады, - деді Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров.
Маңғыстау ауданына қарасты ауылдарды аралаған облыс әкімі ауыз су, мал өнімдері мен жем-шөп, ауылды кең жолақты интернетпен толық қамтамасыз ету, орталық пен ауыл арасындағы және ауылішілік жолдарды қалпына келтіру мәселелерін шешу арқылы ауылдарды дамытудың негізгі мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
Түпқараған ауданында
Аймақ басшысы 29 мыңнан астам тұрғын бар Түпқараған ауданында жұмыс сапарымен болды. Мұнда ірі мұнай және мұнай сервистік компаниялары жұмыс істейді, құрылыс материалдары өндірісі де жақсы жолға қойылған. Ал жергілікті халық мал шаруашылығымен, негізінен түйе, жылқы, қой өсірумен айналысады.
- 2017 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 521,4 миллиард теңге болды. Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің жалпы көлемі 1759,8 миллион теңгеге жетті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 123,2 миллион теңгелік төрт жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Өткен жылы 4245 жаңа жұмыс орны құрылды. Бүгінде ауданда 7 мемлекеттік медициналық мекеме, 11 балабақша, 6 жекеменшік мектепке дейінгі мекеме және 9 жалпы білім беретін мектеп бар. Үш ауысымдық оқытуды жою үшін биылғы қыркүйек айында Сайын Шапағатов ауылында 600 орындық орта мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Ақшұқыр ауылында 600 орындық орта мектептің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды, - деді аудан әкімі Темірбек Асауов кездесу барысында.
Ералы Лұқпанұлы Қызылөзен ауылының тұрғындарымен кездескен жиналыста ішкі жолдарды жөндеу мәселесі көтерілді. Қазір бұл жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Ауылда ауыз су мәселесі қиындау екен. Су таситын көліктер арқылы су жеткізілетін қызылөзендіктерді ауыз сумен қамту үшін 7592,8 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу керек. Облыс басшысы бұған жұмсалатын қаржыны нақтылап, ЖСҚ-ға бөлу туралы нұсқау беруді құзырлы мекемелерге тапсырды.
Сондай-ақ ауыл тұрғындары жергілікті мектептердегі мұғалімдердің жетіспеушілігі, интернет желісімен қамту және ауыл жастарын жұмысқа орналастыру мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды.
- Біз жастарға өз бизнесін қалай бастау керектігін үйретуіміз қажет, - Ералы Тоғжанов.- Егер дұрыс бағыт көрсетілсе, жастарымыз табысқа жетеді. Сондықтан оқуға дайын және үйренуге ниетті жастарды жинап, бизнес жүргізу бойынша Ақтауда курстар немесе тренингтер ұйымдастыру керек.
Өңір басшысы ат басын бұрған екінші елді мекен — Баутин ауылы. Ауылда 4 554 адам тұрады. Мұнда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджет қаражаты есебінен «Форт-Шевченко қаласы мен Баутин ауылын сумен қамту және кәріздік жүйелерді енгізу» жобасы жүзеге асырылуда. Осы мақсатқа бөлінген 1450,4 миллион теңге игерілді.
Ауылда 52 шаруашылық нысаны, 8,5 мың мал басы бар. Баутин ауылында 50 кәсіпкер балық аулаумен айналысады. Ауыл тұрғындары әкімнен балық аулауға субсидия қарастыруды сұрады. Олардың айтуынша, бұл балық шаруашылығындағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Баутин ауылының әкімі Дәулеткерей Меңдіханов қазір ауылда балық қабылдау пункті, консервілеу цехтары үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Техникалық-экономикалық негіздеме дайын болғаннан кейін барлық жобалар инвесторларға ұсынылады. Сондай-ақ Агро-Кредит корпорациясымен ынтымақтастық негізде жұмыс істеу қарастырылуда.
Туризмге қатысты бірқатар мәселені көтерген аймақ басшысы:
- Баутин ауылының дамуы туралы, балық аулау фермаларынан бастап, мал шаруашылығы, бүкіл жағалау бойына жаппай демалу үшін орындарға тексеру жүргізу туралы толық есеп дайындауға бір апта уақыт беремін. Сондай-ақ мұнда жұмыс істейтін жеке компаниялардың ауданның әлеуметтік дамуына нақты қандай көмек көрсетіп жатқанын білгім келеді. Кемелері бар барлық компанияның жергілікті балықшыларға әлеуеттік көмек көрсететін мүмкіндіктері бар, - деді.
Ералы Тоғжанов мал шаруашылығымен айналысатын шағын ғана Бегей ауылында фермер Сәндібек Қосуақовпен кездесті. Оның фермасында 3,5 мың қой, 300 сиыр, 300 жылқы бар. Өткен жылы жеке кәсіпкерге 15 миллионнан астам теңге субсидия берілген.
- Шаруашылықты дамыту үшін 500 миллион теңгеден астам жеке инвестиция жұмсалды, - деді фермер. - Сондай-ақ біз 17 км электр энергиясын тарттық, ең бастысы мал сатып алдық. Біздің шаруашылықта 43 адам жұмыс істейді. Биылғы жоспарымыз–мал санын 10 мыңға дейін арттыру.
Қарақия ауданында
Ат басын Қарақия ауданына бұрған әкімге Бостан ауылының тұрғындары спорт кешенінің жоқтығын, жолдардың жарамсыздығын және ағын су жиналатын тоған қажет екендігін айтты. Көптен жөндеу көрмеген ауыл мектебі де тозып кеткен.
Тұрғындар көтерген мәселелерге орай Ералы Тоғжанов тиісті тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ауылға спорт кешенін салу үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарына қаражат қарастырылатын болады. Жоба құны — 157,928 миллион теңге. Сондай-ақ Бостан ауылына 4,5 км қатқыл табанды жол құрылысын салу жұмыстарына қажет қаражат жер қойнауын пайдаланушы компаниялар есебінен қарастырылады. Оның сметалық құны — 50 миллион теңге.
Ауылда тоған салу үшін жасақталып жатқан жобалық-сметалық құжаттама қайта қаралып, ағын суды жинау жағы пысықталмақ. Тоған құрылысына 27 миллион теңге қажет.
Құланды ауылының тұрғындарымен кездесу барысында да көптеген мәселелердің беті ашылды. Бұл ауылда мектептің ескі ғимараты босап тұр. Ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, мәдениет үйі ретінде қайта құрылымдау үшін ЖСҚ жасақтауға 15,8 миллион теңге қаражат бөлу жөнінде ұсыныс енгізілетін болды.
Тұрғындарды толғандырған тағы бір мәселе — ауылішілік автокөлік жолдары құрылысын салу үшін ЖСҚ жасақтауға 15,3 миллион теңге қаражат бөлу жөнінде ұсыныс енгізілмек.
Ауылға жедел-жәрдем көлігін бөлу мәселесі де облыс әкімінің тапсырмасымен көп ұзамай шешілмек. Ал ауылдағы су жинау станциясын қайта құрылымдау мақсатында құрылыс монтаждау жұмыстары үшін қаражат республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс. Сондықтан салалық министрліктермен пысықтау жұмыстары жүргізіледі. Оның ЖСҚ құны 258,573 миллион теңге.
Сонымен қатар облыс әкімі осындағы шаруашылықтардың ұсынысы бойынша «Интергаз» АҚ магистралдық газ құбырының бойында қызмет көрсететін электр желісіне шаруашылықтарды қосу мәселесі бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында тері мен жүнді өңдеу мәселесін шешу үшін нақты жоба жасақталып, ұсыныс енгізілетін болды.
Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында айтылып, тиісті орындарға берілген тапсырмалардың орындалысы бақылауға алынады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47128,47136,47135,47134,47133,47132,47131,47130,47129"]