Ақтауда М.Өскінбайұлы атындағы I халықаралық халық аспаптарында орындаушылар байқауы өтеді. 21-22 қараша күндері өтетін байқауға республика өңірлерінен бөлек Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің өнерпаздары қатыспақ. Конкурс қарсаңында бүкілодақтық байқаулардың лауреаты, ЮНЕСКО алтын медалінің иегері, қазылар алқасының мүшесі әрі күйшінің ұлы Әзірбай Өскінбаевпен аз-кем тілдескен едік.
- Әзірбай мырза, әкеңіз жайлы естеліктермен бөлісе отырсаңыз. Ол кісі қандай адам болып еді?
- Өте қарапайым адам болды ғой. Көз көргендер біледі, ақша, дүниемен шаруасы болмаған. Домбырасымен елді аралап концерт қойып, өмірі солай өтті. Өскінбай атамыз да, Мұрат Өскінбаев та домбырасын арқалап, өмірі күймен, жырмен өткен жандар. 1954 жылы Алматыда Ахмет Жұбанов қазақ күйлерін жинап жатқанда әкем 300 күй апарып берген. Бұл жөнінде Ахаң кітабында да жазады. Бұл өз репертуарындағы күйлер. Ал өзі шығарған күйлерінің нақты саны белгісіз. Себебі ол кездерде нотаға түсіру, жазып алу секілді мүмкіндіктер бола қоймаған. Бірі жетсе, бірі жарыққа шықпаған, таралмаған шығармалары қаншама?! Жаңаөзен қаласында 1980 жылы берілген екі бөлмелі үйінде дүние салды. Сол шаңырақта мен қалдым, әлі тұрып келемін.
- Сіз домбыраны қанша жасыңызда қолға алдыңыз?
- Нақты білмеймін, ес білгелі домбыраны серік етіп келемін. Шалдың өзінен көзіммен көріп, құлағыммен тыңдап үйренгенмін. Теледидар, радио деген жоқ, 13 жасыма дейін әкемнің күйімен, жырымен өстім. Сол меңгергенім бойынша шертіп келемін. Бала күнімде концерт қойып барған жерлерінде бірге еріп жүретінмін.
- Өте қарапайым дедіңіз, ал әке ретінде қандай еді?
- Мен енді бала болдым, ол 13 жасымда дүние салды. Бір айтқаны «Осы өнер сені асырайды» дегені. «Күй саған аманат, оны сен өлтірмеуің керек» деген сөзі әлі есімде. Аманат айтылды, сол бағытпен жүріп келемін.
- Әкеңіздің мұраларын сақтаған, насихаттап жүрген шәкірттері бар ма?
- Көзі тірісінде Орын Құлсариев, Айтберген Жаңбыршиев деген кісілер күйлерді әкемнің өзінен үйренген. Айтберген ағай Мұрат Өскінбаев шығармашылығы тақырыбында диплом қорғаған. Жаңаөзенде тұрғанында Асылбек Сырлыбаев деген мұнайшы кісі үйге келіп үйреніп жүретін. Ол кісі жүрген жерінде әлі күнге дейін әкемнің күйлерін тартады.
- «Атақты күйші Мұраттың ұлы» деген аттың жауапкершілігі қандай сіз үшін?
- Әлбетте жауапкершілікті сезінесің. Домбырашылар династиясының бір мүшесі ретінде ол мұраларды сақтау – менің мақсатым.
- Күйлерінің саны белгісіз дедіңіз. Соларды жинақтап, мұраларын топтастыру жұмыстарын жасау жоспарда жоқ па?
- Жаңа айтып кеткен Айтберген Жаңбыршиев сонымен айналысып жүр. Бұрын бір кітабы жарық көрді, енді екіншісі шыққалы жатыр. Бұрынғы жазбаларға қарап, нотаға түсіріп, жинақтады. Осы байқауда тұсауы кесіліп қалатын шығар.
- Әңгімеңізге рақмет!
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА