Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Алайда ғимарат жұқпалы аурулар бөлімшесі емес, оңалту орталығы ретінде пайдалануға беріледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басысы Аманбек Қабдешұлы «Nur Otan» партиясы МОФ жанындағы Ұлт денсаулығы мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында айтты.
Төрт жылдан бері тұрғындар тағатсыздана күтіп жүрген жұқпалы аурулар бөлімшесінің бүгінгі жайынан қоғамдық кеңес төрағасы Аббат Өрісбаев бейхабар болып шықты. Осы ретте ол аталған нысанның оңалту орталығы болып ауысуының себебін сұрады.
Ал Аманбек Қабдешұлының айтуынша, өңірде мүмкіндігі шектеулі 5 485 бала бар. Оның ішінде жүйке-бұлшықет ауытқуы бар 1 061 бала, церебральды сал ауруы (ДЦП) бар 638 бала тіркеуде тұр. Яғни, бұл балалар міндетті түрде жыл сайын оңалту орталықтарында ем алуы қажет.
«Сол себептен бұрынғы инфекциялық бөлімшенің орнына желтоқсан айында балаларға арналған оңалту орталығы ашылады. Бұл «Қамқорлық» бағдарламасына сәйкес орындалып жатыр. Орталықта жалпы оңалтудан бөлек, церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған ерте араласу орталығының ашылуы жоспарланып отыр», - дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы А. Қабдешұлы.
Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған «Балаларға арналған инфекциялық бөлімше қайда орналасады? Қайда емделеді? » деген заңды сұрақ туындады.
«Қазіргі кезде облыстық ауруханаға қарасты инфекциялық бөлімше бар. Қазір бос күйінде тұр. Себебі модульдік бөлімше ашылғаннан соң ересектерді бөлек инфекциялық стационарда ұстаудың қажеттілігі болмады. Осы бөлімшені облыстық ауруханадан алып, облыстық балалар ауруханасының балансына береміз. Яғни, осы инфекциялық стационарда балаларға көмек көрсетіледі», - дейді Аманбек Қабдешұлы.
Айтуынша, балаларға арналған инфекциялық стационарда 60 орын бар. Жағдайы жасалған. Қазіргі таңда ешқандай қиындық туындап отырған жоқ.
Десе де қоғамдық кеңес төрағасы Аббат Жәңгірханұлын облыстық балалар ауруханасы мен 1 шағынауданда орналасқан қазіргі балаларға арналған жұқпалы аурулар бөлімшесінің ара қашықтығы алаңдатып отыр.
Одан бөлек кеңіс отырысында компьютерлік томография, сараптамалық кластағы ультрадыбыстық жүйелер аппаратын, өкпені жасанды желдету аппаратын, сандық рентген және оттегін аппаратын сатып алу бойынша атқарылған жұмыстары айтылды. Сонымен қатар қатерлі ісікті ерте анықтау үшін халықты скринингтік зерттеулермен қамтуды ұлғайту жұмыстары талқыланды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді Партия «Нұр Отан» МОФ ұсынды