Маңғыстауда 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында 8 мыңнан астам адам емхананы еркін таңдау мүмкіндігін пайдаланды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директоры Руслан Бектубаев мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Еліміз бойынша соңғы екі ай ішінде тұрғындарға емхананы еркін таңдау науқаны жүргізілді. Маңғыстау облысы бойынша 28 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін ұйым тіркеу науқанына қатысты. Оның ішінде 12 мемлекеттік медициналық мекеме, 16 жеке емхана бар. Электронды денсаулық сақтау орталығының деректері бойынша өңірде 8 мыңнаң астам адам емхананы еркін тіркелу мүмкіндігін пайдаланған»,-деді Руслан Бектубаев.
Спикердің айтуынша азаматтар 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелген емханадан медициналық көмек ала бастайды.
«Қор қызметінің басты бағыттарының бірі - халықпен кері байланыс орнату және емделушілердің құқығын қорғау. Биыл 10 айдың ішінде қордың ресми кері байланыс арналарына 633 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 418-і медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі мәселелері бойынша шағымдар. Барлық өтініштер бойынша шаралар қабылданып, жауаптар берілді. Кез-келген өңір тұрғыны fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, SaqtandyryBot қол жетімді байланыс арналары арқылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне алады»,-деді Руслан Бектубаев.