30 қарашада Шетпе-Жетібай-Ақтау автожолында жүк көліктерін бақылауға арналған бекет орнатылды. Ол Бекі ауылының маңында қиыршық тас шығаратын карьерлерде жұмыс істейтін жүк көліктерінің қозғалысы мен салмағын бақылайтын болады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетсек, 3-ші қараша күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Маңғыстау ауданына барған жұмыс сапары барысында бірнеше жылдан бері Шетпе ауылының тұрғындары мен қиыршық тас өндіруші кәсіпкерлер арасында дауға айналған карьерге барған болатын. Ауыл тұрғындары көліктерге шамадан тыс жүк тиегеннің салдарынан 2017 жылы салынған жолдың бүлініп жатқаны жөнінде шағымданды.
Аталған мәселеге қатысты аймақ басшысы өндірістен шыға беріс жолға жүк көліктерін бақылайтын пункт қоюды ұсынған болатын.
- Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгіннен бастап Шетпе кенті аумағындағы карьерлерден жүк тиеп шыққан көліктер тәулік бойы көліктік бақылау инспекциясы мен патрульдік полиция тарапынан ҚАДАҒАЛАНАТЫН болады. Бұл жұмыс қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес автомобиль жолдарына зақым келтірмеу және жүк көлігінің қозғалысын реттеу мақсатында жүргізілуде, - деді Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Жақсығали Іздібаев.
Арнайы бекет интернет байланысымен қамтылған, көлік тұрағы бар Бекі елді мекенінің маңына орнатылды. Қадағалаушы орган карьерден шыққан әр бір жүк көлігін өлшеп, базаға тіркейді. Заң бұзушылық анықталған жағдайда жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, көлік айыптұраққа жабылады.