Маңғыстау ауылы 23 үйдің алдындағы балалар ойын алаңы көңіл көншітпейді. Бұл туралы ауыл тұрғыны облыс әкімдігінің телеграм каналына жазды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, балалардың алаңда алаңсыз ойнайтын мүмкіндігі жоқ. Себебі ойын алаңы тастақ жерде орналасқан. Ал жанындағы футбол алаңға газон төселмеген. Оның орны ірілі-ұсақты шеге мен топыраққа толған.
Дегенмен жергілікті әкімдік бұл мәселенің биыл шешілмейтінін ашық айтты.
«Биыл Маңғыстау ауылында 25 үй алдындағы ескі алаң күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жыл сайын жоспарға сәйкес қаржы мүмкіндігіне қарай әр тұрғын массивтерге спорт және балалар ойын алаңы салынады. Осыған орай 23 үй маңындағы ескі алаңға күрделі жөндеу жүргізу 2023 жылдың жоспарына енгізілетін болады», - деді Маңғыстау ауылы әкімінің аппараты мамандары.
Сонымен қатар ауыл тұрғыны 10-кварталда асфальт жоқ екенін және жолдың шаңы бұрқырап жатқанын айтты.
«Қазіргі таңда ауылда асфальт жабындысы төселмеген жолдардың титульдік тізбесі жасақталуда. Аталған титульдік тізбе дайындалғаннан кейін сметалық есеп жасақталады. Бюджеттік өтінімге сәйкес қаржы бөлінсе, асфальт жабындысы төселетіндігін қаперіңізге беремін», - деді ауыл әкімінің аппараты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА