Мектеп асханаларында тағамдар мен сусындарға «Pfizer» вакцинасының тамшыларын қосуда деген ақпарат «WhatsApp» мессенджері арқылы тарауда. Ата-аналардың көпшілігі балаларының екпе алуына қарсы болғасын, «екпе егудің» басқа тәсілін ойлап тауыпты, деп жазылған хабарламада.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпаратты толығымен жоққа шығарды. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыровтың айтуы бойынша «Pfizer» вакцинасы тек қана екпе түрінде қолданылады. Препаратты ағзаға егудің өзге жолы жоқ. Сонымен қатар вакцинация тек қана ата-ананың ерікті келісімі арқылы егіледі.
- "Pfizer" өндіретін вакцина облыстық денсаулық сақтау басқармаларының қоймасында 60-90 градус нөлден төмен температурада сақталады. Вакцина иықтың 3 тен 1 -інің жоғарғы бөлігіне 0,3 мл дозасында бұлшық етке салынады. "Pfizer" вакцинасы тек қана екпе түрінде қолданылады. Оны ағзаға егудің өзге жолы жоқ. Сонымен қатар вакцинация тек қана ата-ананың ерікті келісімі арқылы жасалады. «Pfizer» вакцинасын мектеп асханаларында тағамға қосып жатыр деген аудиохабарлама шындыққа жанаспайды, - деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.
Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Светлана Тулебаева да әлеуметтік желілерде таралып жатырған ақпараттың жалған екенін растады.
- Облыс мектептерін ыстық тағаммен қамту "Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етумен байланысты тауарларды сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Білім алушыларды сапалы тағаммен қамтамасыз ету және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындау мақсатында білім беру ұйымдары басшыларының біліктілік комиссиясын бекіту туралы бұйрығы бар. Облыс мектептерінде 1-ші сынып оқушыларын және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды тегін ыстық тағаммен қамтамасыз ету ұйымдастырылған. Вакцинаның тамшы түрін мектеп тағамдарына қосуда деген ақпаратты негізсіз деп есептейміз,- деді Маңғыстау облысы білім беру басқармасының басшысы Светлана Тулебаева.