Маңғыстау облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімінде 18 жастағы науқасқа сәтті ота жасалды. Науқасқа бас сүйегінің туа біткен ақауы, артериовенозды мальформация диагнозы қойылған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық ауруханасы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл науқастың тамырларында, артериовенозды мальформация құрылысында ерекшеліктер бар, күрделі дәрежеге жатады. Мұндай диагнозы бар науқастарға операция жасау техникалық жағынан қиындық туғызады. Десе де бүгінгі операция жақсы өтті, ешқандай асқыну болмады», - дейді Маңғыстау облыстық аурухананың нейрохирург-дәрігері Думан Мырзабек.
Операцияны аурухананың нейрохирург-дәрігері Думан Молдабекұлы және Нұр-сұлтан қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирург дәрігері Марат Әбдірашитұлы жасады. Сонымен қатар отаға анестезиолог-дәрігер Бақытжан Қойбеков қатысты.
Ал екінші операция 50 жастағы науқасқа жасалды. Дәрігердің айтуынша, науқас осыдан үш ай бұрын ишемиялық инсульт алып, ауруханаға түскен.
«Науқастың тамырын зерттеу барысында тамырының бітелгенін анықтадық. Яғни науқастың бас ми тамырының ішкі ұйқы артериясы бітелген, сондықтан мида қан айналымының жетіспеушілігі болған. Мұндай жағдайда науқастың қайтадан инсульт алу қаупі жоғары. Сондықтан біз науқасқа жоспарлы операция тағайындадық. Операция барысында микрохирургиялық анастомоз, яғни тері астындағы тамырды апарып, мидың бетіндегі тамырға жалғадық», - дейді нейрохирург-дәрігер Думан Молдабекұлы.
Оның айтуынша, Маңғыстау облыстық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің басты міндеті – бас ми тамырларының ақаулары бар, инсульт алған және бас ми тамырларының бітелген, артериовенозды мальформация, бас ми тамырының аневризмалары бар науқастарға көмек көрсету. Осы мақсатта ауруханада жедел әрі жоспарлы түрде операциялар, нейрохирургиялық көмектер жасалып жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА